Бұланды ауданында 60 отбасы көптен күткен қоныс тойын атап өтті. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, апатты үйлердің тұрғындары бар. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қоныс иелеріне кілттерді табыстап, айтулы оқиғамен құттықтады.
Өңір басшысы азаматтарды қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Себебі жайлы өмір сүру жағдайын жасау тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатына және аудандардың дамуына тікелей әсер етеді.
«Бүгін біз Бұланды ауданы үшін тамаша оқиғаның куәсі болып отырмыз. Көктем қарсаңында, мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында, жарты ғасырлық тарихы бар апатты деп танылған үйлерде тұрған азаматтар жайлы баспанаға ие болып отыр. Макинск қаласында тұрғын үй қорының едәуір бөлігі 45 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Бұл үйлерде шамамен 5 мыңға жуық қала тұрғыны тұрады. Бүгінгі кездесуіміз – Бұланды ауданындағы апатты тұрғын үйлерді жою бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қадам сайын қалалар мен аудандардың келбетін өзгертіп, ескі, тозығы жеткен ғимараттарды бұзып жатырмыз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Жаңа пәтерлер сапа мен абаттандырудың заманауи талаптарына сай салынған. Үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген, балалы отбасылардың жайлы тұруына барлық жағдай жасалған. Пәтер кілтін көпбалалы ана Жақсыған Шерияздан да алды.
«Бұл – біздің жаңа шаңырағымыз, отбасылық бақытымыз, балаларымыздың болашағы. Қуанышымда шек жоқ, бізге қамқорлық танытқан Президентімізге үлкен алғысымды білдіремін. Мемлекеттің тұрғын үй мәселемізді шешуге қосқан үлесі өте маңызды әрі әділдік пен әлеуметтік қолдауға деген сенімді арттырады», – деп бөлісті Жақсыған Шерияздан.
Айта кетейік, жақын арада Макинск қаласындағы қала құраушы кәсіпорындардың қызметкерлері арасында тағы 60 пәтер бөлінетін болады.



