Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова тұрғындармен жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңыздылығына арналған кездесу өткізді.
Сондай-ақ, шараға Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейітқасымов қатысты. Жиында ұсынылып отырған өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Депутат өз кезегінде осы конституциялық реформалардың әділетті қоғам қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударып, әрбір өзгерістің түпкі мақсаты халық үніне құлақ асатын мемлекет құру екенін жеткізді.
Кездесу барысында Краснояр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледж ұжымының соңғы жылдардағы жетістіктері де атап өтілді. Мәселен, «Жас маман» жобасы аясында оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңарып, заманауи құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, тіпті, «Джон дир» комбайндары алынғаны қуанышпен айтылды. Бұл әрине, білім мен өндірістің өзара байланысының айқын көрінісі екендігі сөзсіз.
– Референдум мемлекеттік маңызы бар шешімдерді бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылдаудың ең тиімді жолы. Бұл шешімнің заңдылығын арттырып, халық сенімін күшейтеді әрі азаматтардың ел басқару ісіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді, – деді депутат жиын барысында сөйлеген сөзінде.
Жаңа Ата Заң жобасына еңбек ұжымдары қолдау білдіруде
Бүгінде елімізде жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Бұл ретте, депутаттар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен еңбек ұжымдары бір мақсат жолында яғни, Әділетті Қазақстан құру идеясы төңірегінде топтасып отыр. Алдағы референдум аясында ел болашағына бейжай қарамайтын ұжымдар да бұл саяси науқанға үн қосатынын, қалыс қалмайтынын білдіріп, таңдау жасау үлкен жауапкершілік екенін алға тартуда.
Бұл ретте, Бұланды ауданындағы өңірдің жетекші агроқұрылымдарының бірі саналатын «ХПП «Арна» серіктестігінің еңбек ұжымы алдағы республикалық референдумға қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Кәсіпорын ұжымы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған еңбек адамдары ретінде осынау тарихи сәтте бірлік танытуға шақырады.
– Біз, еңбек адамдары өз сөзімізге ісімізбен жауап беруге үйренгенбіз. Референдум – тұрақтылық пен адал еңбекке берілген таңдау. Біз Қазақстанның әділетті әрі қуатты мемлекет болғанын қалаймыз, – дейді. кәсіпорын басшысы Клара Меңдібаева.
****
Зеренді ауданындағы «Дихан Плюс» серіктестігінің ұжымы да алдағы референдумға қатысты ашық пікір білдіріп, кәсіпорын қызметкерлері конституциялық реформа ауыл тұрғындарының да талабы ескерілетін нақты мүмкіндік екеніне сенім білдіреді.
– Бұл балаларымыздың болашағына салынған инвестиция. Біз заң үстемдігі мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін өзгерістерді қолдаймыз. Әр азамат ел тағдырына жауапкершілікпен қарауы тиіс, – дейді кәсіпорын жетекшісі Денис Швайбович.
Осылайша, ұжым мүшелері бірлік пен жасампаз еңбек арқылы ғана әділетті қоғам құруға болатынын жеткізіп, дауыс беруге белсенді қатысуға дайын екендерін айтады.
****
Атбасар ауданындағы «Сепе-1» серіктестігі ұжымы референдумды ел болашағы үшін маңызды кезең деп бағалайды.
– Референдум әр азаматтың ел тағдырына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін жауапты кезең. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді арттыратын маңызды құрал. Біз барша әріптестерімізді алдағы саяси науқанда белсенділік танытып, өз таңдауын жасауға шақырамыз, – делінген ұжымдық үндеуде.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.



