Астрахан ауданында көктемгі су тасқыны қаупіне қарсы ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы су тасқыны кезінде 62 тұрғын үй зардап шеккенін ескере отырып, биыл қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Биылғы жылға дайындық аясында инженерлік қорғаныс нысандары жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Руслан Мұқанов мәлімдеді.
Аудан әкімінің орынбасары атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды: «Өткен жылғы тәжірибе бізге үлкен сабақ болды. Биыл біз су тасқынының алдын алу үшін барлық ресурсты толық жұмылдырып отырмыз. Су тасқыны қаупі бар ауылдарда өзен арналары тазартылып, дамбалар күшейтілді, жол бойлары бекітілді. Негізгі мақсат – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді ол.
Мамандардың талдауына сәйкес, Старый Колутон, Ягодное, Колутон, Жанатұрмыс, Оксановка, Жалтыр, Зеленое сияқты ауылдар су тасқыны қаупі жоғары аумақтарға жатады. Осыған байланысты өзен арналарын тереңдету, су өткізгіш каналдарды тазалау, қорғаныш бөгеттерін салу және жол жиегін нығайту жұмыстары жүргізілді.
Су тасқынына қарсы күрес үшін ауданға 550 тонна құм жеткізілді. Мұз кептелістерін жою үшін арнайы келісімшарт жасалды. Құтқару қызметтері 17,5 мың литр жанармай, 16 мотопомпа, 8 мың қапшық, электр генераторлары мен су айдайтын шлангтармен қамтамасыз етілді. Руслан Мұқановтың сөзінше, барлық техника мен құрал-жабдық төтенше жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қауіп төнген жағдайда тұрғындарды қабылдау үшін 9 эвакуациялық пункт дайындалды. Пункттердің жалпы сыйымдылығы – 670 адам. Оларға төсек-орын, көрпе-жастық, матрас және басқа да қажетті жабдықтар жеткізілген. Малды қауіпсіз жерге көшіру үшін арнайы биік аумақтар белгіленген.
«Тек тұрғындарды ғана емес, ауыл шаруашылығы нысандарын да қорғау басты міндетіміз. Сондықтан мал жайылымдары мен қора-жайларға ерекше назар аударып отырмыз», – деді ол.
Ауданда Колутон өзенінің арнасын кеңейту, жағалауды бекіту және қорғаныш дамбаларын салу бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 7,7 шақырым өзен арнасы тереңдетіліп, Старый Колутон ауылы маңында 2,3 шақырымдық дамба салынады. Сонымен қатар, өзен сағасы толық тазаланады.
Астрахан ауданында көктемгі су тасқынына дайындық кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Инженерлік қорғаныс нысандары жаңартылып, материалдық қор толықтырылды, эвакуациялық пункттер әзірленді. Жергілікті билік халық қауіпсіздігін басты назарда ұстап отыр.
Біздің басты міндетіміз — әрбір тұрғынның өмірі мен мүлкін қорғау. Сол үшін алдын алу шараларын күшейтіп, барлық қызметті үйлестіріп жұмыс істеп жатырмыз», – деп қорытындылады Астрахан әкімінің орынбасары.
Фото – baq.kz



