Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінде жарияланған сұхбаты қоғамда кеңінен талқыланып, ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Осыған орай облыстық «Байтақ» жасылдар партиясы филиалының бастамасымен өткен дөңгелек үстелде Президент көтерген өзекті бастамалар мен стратегиялық басымдықтар жан-жақты талқыланды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, оған партия мүшелері, қоғам белсенділері, сала ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосудың басты мақсаты – елде жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың мәнін түсіндіру, олардың өңірлік деңгейде қалай іске асырылып жатқанын саралау болды.
Жиынды ашқан «Байтақ» партиясының облыстық филиалының төрағасы Асылбек Баяжұма Мемлекет басшысы сұхбатының маңыздылығына тоқталды.
– Президент атап өткендей, биылғы жыл Қазақстан үшін жаңғырудың жаңа кезеңі болмақ. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда әрбір азамат елде жүріп жатқан реформалардың мәнін түсініп, оған бейжай қарамауы тиіс. Қазақстан Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы бар мемлекетке айналып отыр. Ал цифрландыру – ел дамуының басты қозғаушы күштерінің бірі. Алдағы үш жылда еліміз цифрлық державаға айналуы керек, – деді ол.
Кездесуде мемлекеттік басқару жүйесіндегі оң өзгерістер де атап өтілді. Қатысушылардың пікірінше, соңғы жылдары формалды, бір реттік шаралардан бас тартылып, ұзақ уақыт қордаланған жүйелі мәселелерді шешуге басымдық берілуде. Бұл – нақты нәтиже мен тұрақты даму жолындағы маңызды қадам.
Партия белсендісі Герихан Яндиeв Президенттің қоғаммен ашық сөйлесу тәсілін жоғары бағалай отырып, ауыл шаруашылығы мен өңірлік даму мәселелеріне тоқталды.
– Мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне қомақты қаражат бөліп отыр. Алайда ауыл шаруашылығының толық серпіліс алуына әлі де кедергілер бар. Әсіресе, ауыл жастарының қалаға көшуі алаңдатады. Урбанизация үдерісі күшейіп, ауылдар босап, ірі қалаларда халық тығыздалып барады. Соған қарамастан, қазіргі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар болашақта өз жемісін береді деп сенеміз, – деді ол.
Сонымен қатар ол өңірде туризм саласын дамыту үшін жаңа көзқарас қажет екенін айтып, кадр тапшылығы мәселесін көтерді. Оның ұсынысы – Бурабай ауданындағы тарихи білім ордасы саналатын Щучинск қаласындағы Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің базасында жоғары оқу орнын ашу. Бұл бастама өңірдің туристік және экологиялық әлеуетін арттыруға серпін бермек.
Кездесуде сөз алған еңбек ардагері, білім беру саласының құрметті қызметкері Есболат Дүйсенбаев қоғамды алаңдатып отырған тағы бір өзекті мәселе – балалар мен жасөспірімдер арасындағы лудоманияға тоқталды.
– Қазіргі таңда балаларды түрлі лотереялар мен жеңіл олжаға үйрететін ойындар көбейіп барады. Біз балаларды кішкентайынан адал еңбекке, әділдікке, сыбайлас жемқорлық пен жеңіл табысқа төзбеушілік рухында тәрбиелеуіміз керек. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік, – деді ардагер ұстаз.
Дөңгелек үстел барысында экологиялық жауапкершілік, азаматтық қоғамды дамыту, табиғатты қорғау мәселелері де кеңінен сөз болды. Қатысушылардың пікірінше, экология – тек мамандардың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.
Кездесу қорытындысында «Байтақ» партиясының облыстық филиалы Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын толық қолдайтынын білдіріп, арнайы резолюция қабылдады. Құжатта заң мен тәртіптің үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, экономикалық тұрақтылық пен экологиялық жауапкершілік партияның негізгі бағдарламалық мақсаттарымен үндес екені атап өтілді.
Басқосуға қатысушылар экологиялық күн тәртібі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала беретінін айтып, өңірде қоғамдық бақылауды күшейту, ашық диалог орнату және экологиялық кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ олар Президент белгілеген экологиялық және әлеуметтік басымдықтарды іске асыру жолында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.



