Ақмола облысынан биыл көктемде мыңнан астам жас сарбаз әскер қатарына аттанды. Барлығы 1013 азамат Қарулы Күштер, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және басқа да құрылымдардың сапын толықтырды. Бұл туралы Ақмола облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, басқарма бастығы Қанат Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қыркүйек айынан бастап күзгі әскерге шақыру басталды. Бұл жолғы басты міндет – шекара қызметін толықтыру. Жоспар бойынша Ақмола облысынан 115 жас жіберіледі.
«Әскерге шақырылғандардың арасында өз еркімен келгендер көп болды. Олар дәрігерлік тексерістен өтіп, қазір әскери борышын өтеп жүр. Мәселен, 5 қыркүйекте 25 жас салтанатты түрде ШҚО Күршім ауданына әскерге аттанды», – деді Бауыржан Есполов.
Оның айтуынша, әскерге шақыру қатаң тәртіппен жүргізіледі. Алдымен жастардың деректері тексеріледі, медициналық комиссиядан өтеді. Соңғы шешімді облыстық комиссия қабылдайды.
Әскерге барушылар үшін жаңа мүмкіндіктер де бар. Университет пен колледж түлектері алты ай қызметтен кейін келісімшартқа отырып, әскери қызметін жалғастыра алады. Ал өздерін жақсы көрсеткен сарбаздар оқу орындарына тегін түсуге сертификат алады. 2024 жылдың көктемінде мұндай мүмкіндікпен 20 жас сарбаз білім жолын жалғастырды.
Спикерлердің айтуынша,әскерге шақырылғандардың отбасына қолдау көрсету де назарға алып отыр. Облыста «Аналардың жүректері» ұйымы жұмыс істейді. Олар сарбаздардың жағдайын тексеріп, мерекелік шараларға қатысады. Сондай-ақ, әңгімелесулер өткізеді және ата-аналармен байланыс орнатады.
«Біздің мақсат – сарбаздардың тұрмысын бақылау, оларды қолдау және аман-есен елге оралуына көмектесу», – деді Ақмола облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қанат Омаров.
Әскери мансапты таңдаған жастар үшін еліміздің беделді оқу орындарына жол ашылғаны туралы ерекше атап өтті. Олардың қатарында Ақтөбедегі Т. Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институты, Алматыдағы С. Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты. Сондай-ақ Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери институты, Щучинскідегі Кадет корпусы бар.
Енді әскерге шақыру рәсімі де жеңілдеді. Азамат тұрғылықты мекенін өзгерткен жағдайда оның деректері автоматты түрде eGov порталы арқылы жаңартылады. Шақыру қағаз түрінде де, 1414 нөмірінен SMS арқылы да келеді. Шақыруға келмеген жағдайда айыппұл салынады: азаматтарға – 5 АЕК, ұйымдарға – 10 АЕК.
Мамандардың айтуынша, ашық тәртіп, отбасына көрсетілетін қолдау және білім алуға жаңа мүмкіндіктер әскери қызметті тек міндет қана емес, болашаққа жол ашатын мүмкіндікке айналдырады.