Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың қазіргі жағдайын бағалап, жедел шешімдер қабылдау мақсатында әуеден шолу жүргізді.
Тікұшақпен ұшу бағыты Астрахан және Бұланды аудандарындағы ең осал елді мекендерді қамтыды. Бұланды ауданында су тасқынына бейім учаскелер мен өзен арналары тексерілді. Жағдай жөнінде аудан әкімі Ардақ Смаилов мәлімдеді.
Одан әрі бақылау Астрахан ауданына жалғасып, Қалқұтан өзені мен елді мекендердің жағдайы қаралды. Ақмола облысы ТЖД басшысы, полковник Бақытжан Алашов өзен арналарының қозғалысы, ықтимал мұз кептелістері мен жару жұмыстары жүргізілуі мүмкін орындар туралы ақпарат берді.
Инспекция қорытындысы бойынша қорғаныс дамбаларын нығайту, су бұру жүйесін қатаң бақылауға алу және төтенше жағдайлар қызметінің кез келген жағдайға дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.