Облыс оқушыларын жазғы демалыспен қамту мәселесін оңтайлы шешу жолында оларды жұмыспен қамту жағдайы да қарастырылған. Бұл ретте, қосымша білім беру ұйымдары айтарлықтай үлкен рөл атқарады.
Облыста жазда 35 мың баланы қамтитын 51 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істеуге кіріскен. Үйірмелер мен секциялардан басқа, үш айлық демалыста жазғы алаңдар, клубтық бірлестіктер ашылып, онда балаларға шеберлік сыныптары, туристік жорықтар, экскурсиялар, жарыстар ұйымдастырылуда. Мысалы, маусым айынан бастап «Болашақ сарайында» балалар мен жасөспірімдердің қосымша білім алуына арналған 4 ауысымдық жазғы лагері ашылды.
–Жазғы лагерьдегі 5 жасқа дейінгі балаларға арналған «Балапан» бағытында планетарий ұйымдастырылып, спорттық эстафеталар өткізіледі, қызықты фильмдер көрсетіледі. ІТ бағыты бойынша оларға лего, роботтар құрастыру және тағы да басқа қызықты үйірмелер ұйымдастырылады,–дейді балалар мен жасөспірім сарайының медиа қызметі.
Жасөспірім балалар бұл жазғы лагерьде таңғы дене шынықтырудан кейін ғылыми бөлімнің зертханасында уақыттарын өткізеді. Түрлі эксперименттер жасап, микроскоппен өсімдіктер мен жәндіктерді зерттейді. ІТ бағыты бойынша әртүрлі ойын бағдарламаларын құрастыруды үйренсе, медиа бағытында әлеуметтік желілерде өз парақшасын қалай жүргізу, өзін қалай дұрыс ұстау және интернет алаяқтарынан сақ болу туралы шебер-сыныптарға қатысады. Ал, шығармашылық бағытта балалар сурет салумен айналысады.
Жасөспірімдердің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру мақсатында шілде айында «Болашақ сарайының» инновациялық орталығында облыс оқушыларының қатысуымен бағдарламалау, биотехнология, экология, медиа бағыттары бойынша «Summer school» облыстық жазғы мектебі өткізілмекші. Бір апта ішінде балалар аталмыш мекеменің инновациялық зертханаларында бірегей жабдықтарда тәжірибелік жұмыстар жүргізетін болады. Бос уақыттарында бассейнге түсіп, Көкшетау қаласының мұражайлары мен театрларына экскурсияларға шығатын болады.
Айта кетейік, «Summer sсholl» жазғы мектебіне бұған дейінгі екі жылда Атбасар, Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Степногорск, Көкшетау, Целиноград аудандарының оқушылары келіп қатысқан.