spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7.3 C
Kokshetau

Жарты ғасыр жасаған «Көкшетау» халықтық би ансамблі

Сондай-ақ...оқыңыз

 «Көкшетау» халықтық би ансамблінің «Жарты ғасыр жасаған «Көкшетау» атты мерейтойлық концерттік бағдарламасы жоғары деңгейде өтіп, көрерменінің тағы бір мәрте ыстық ықыласына бөленді. Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова аталмыш кеште құттықтау сөз сөйлеп, ансамбльге облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан ықылас гүлін табыс етті. Сондай-ақ, концертке ұжымның шығармашылық даму жолына елеулі еңбек сіңірген жетекшілері мен балетмейстерлер, ансамбльдің бұрынғы қатысушылары келіп, құттықтап, қолдау білдірді.

Ғасырлардан бері қалыптасқан қазақ би өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, ұрпақтан ұрпаққа дәріптеп келе жатқан, 50 жылдық бай тарихы бар «Көкшетау» халықтық би ансамблінің мерейтойлық кеші «Салтанат» биімен ашылып, ә дегеннен-ақ көрерменнің көңіл төрінен орын алып, зор қошеметіне ие болды. Жиналған қауымның ыстық ықыласы мен қолдауы, жылы қабылдауы мың бұралған бишілердің бойына қанат бітірді.

Тынымсыз еңбектің арқасында ерекше репертуарымен өнер көрсетіп, жұртшылыққа кеңінен танылған ұжым туралы ұсынылған бейнебаянда оның құрылу тарихынан бастап, бүгінге дейінгі тыныс-тіршілігі кеңінен баяндалып, оның құрамында болған бишілер мен оларға жетекшілік еткен хореографтардың жүрегін елжіретіп, тебірентпей қоймады. Олар өткен күндердің тәтті елесі мен қызықты шақтарын сағына еске алды десек болады. Еске сала кетсек, ансамбль 1974 жылы бұрынғы Ленин атындағы, қазіргі «Көкшетау» мәдениет сарайында Көкшетау қаласының 150 жылдық мерейтойына орай вокалды-хореографиялық ансамбль болып құрылған еді. Содан бері талай өнерпаздың өнерін ұштап, алға ұмтылдырып келеді.

Би өнерін жанына серік еткен талай буынның өсіп-өркендеуіне, қанатын бекітуге үлес қосқан ұжымның мерекелік кешіне оған әр жылдары жетекшілік еткен майталмандар қатысты. Олар – 1975 жылдан бері жетекші болған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, хореограф Марат Қуанышбеков, 1980-1991 жылдар аралығында ансамбльді басқарған, өзі орыс ұлтынан болса да, ұжым бишілерінің қазақ биіне деген сүйіспеншілігін оятқан хореограф Елена Болотова, 1992-1994 жылдар арағында жетекшілік еткен Айсұлу Омарова. Сонымен қатар, концертке ансамбльдің репертуарына бірегей би қойылымдарын қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, өнертану профессорлары Тойған Ізімова мен Гүлнар Саитова, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы, өнертану докторы Алмат Шамшиев те келіп, шын жүректен құттықтап, алда әлі талай ынтымақтасып, би өнерінің дамуы жолында бірге еңбектенетіндіктеріне сенім білдірді. Бүгінде өнер ұжымына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мадина Тілеулина жетекшілік етіп келеді. 30 жылдан бері оның дамуы мен репертуарының байи түсуіне зор еңбек сіңірген ол өзі де осы ансамбльдің алғашқы қарлығаштарының бірі.

Кеште бар шығармашылық ғұмырын Көкшемен байланыстырған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Көкшетау» халықтық би ансамблімен бірге 1986 жылы Венгрия Халық Республикасында өткен «Кеңес одағы мәдениеті күндері» онкүндігіне, 2012 жылы Францияның Париж қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысқан Бисара Мәкенова өнер көрсетті. Жалпы, биылғы жыл «Көкшетау» мәдениет сарайының ұжымдары үшін ерекше. Мұндағы 25 жылдық тарихы бар «Кербез сұлу» халықтық фольклорлық ансамблі, сондай-ақ, 80-жылдардан бастап, әр түрлі жылдардағы «Көкшетау» халықтық би ансамблінің бұрынғы қатысушылары, 2005-2012 жылдары «Балдәурен» үлгілі вокалды-хореографиялық ансамблінде өнер көрсеткен, «Көкшетау» ансамблімен бірге 2011 жылы Түркия Республикасына гастрольмен барған солистер Аян Тұмантаев пен Төлеген Аманов ансамбльді мерейтойымен құттықтап келіп, көрермендерге музыкалық сәлемдеме жолдады.

Концерттік бағдарлама барысында ұжымның кіші, орта негізгі топтары «Бойжеткен», «Тұмар», «Айжан қыз», «Жібек жолы», «Керім сал», «Құрбылар», «Көкшетау суреттері», «Қазақ ою-өрнегі», «Дастархан» атты қазақтың ұлттық болмыс-бітімі, мәдениеті мен салт-дәстүрі сипатталған би қойылымдарымен қатар, қытай, бурят, шығыс, өзбек, тәжік билерін де мың бұрала билеп, жиналған қауымға жақсы көңіл-күй сыйлады. Негізгі топта Әсел Төкежанова, Амира Мукушкина, Алуа Шәкір, Адия Сапар, Мөлдір Амантаева, Сабина Егінбаева, Әсем Мәкибай, орта топта Мөлдір Сейілбек, Адина Жаралғасова, Нұрай Жақсыбай, Айлин Тоқанова, Күнсұлу Сабырғали есімді қыздар кей билерді жеке орындап, көпшілік қауымның көңілінен шықты. «Ұлы дала қыздары», «Луна мо», «Степ» билері жиналған қауымның назарын өзіне еріксіз аудартып, залды бір демде ұстап,  бидің де қуат-күші зор болатынын бейнелеп берді.

Ұлттық би өнері әр халықтың өмірінен, тыныс-тіршілігінен, әр елдің табиғатына байланысты құрылады. Осы ұлттық өнерді насихаттап жүрген ансамбльдің мерейтойлық кешінде оның 1980 жылдардан бері өнер көрсеткен қарлығаштары да, қанатын кеңге сермеп, бірнеше биді қосыла билеп, кейінгі буынға бидің адам өміріндегі мән-маңызын қимыл-қозғалыс арқылы жеткізіп берді десек болады. Сонымен бірге, бұл аталған би ұжымынан бірталай би әуесқойлары да ұшып шыққан болатын. Олардың ішінде «Көкшетау» мәдениет сарайының жанындағы «Он алты қыз» би ансамблінің жетекшісі Мадина Дусмогомбетова да бар. Ол аталмыш кеште қатарластарымен бірлесіп дайындаған «Алтынай» биін орындап,  дүйім жұрттың қошеметіне ие болды.

Мерекелік бағдарлама соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, ұжымға шығармашылық табыс, жаңа ізденістер тіледі. Ансамбльдің әр жылдардағы жетекшішілері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Қуанышбеков бастаған хореографтар Елена Болотова, Айсұлу Омарова өнердің құдіретін, концерттен алған әсерін, көңіл қуаныштарын қимыл-әрекетпен сахна төрінде бишілермен қосыла билеу арқылы жеткізіп, ұжымның қазіргі жетекшісі Қазақстанның мәдениет қайраткері Мадина Тілеулинаға ақ алғыстарын айтты.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img