spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Әр мәселенің артында адам тағдыры тұр

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айнагүл Балташеваның төрайымдылығымен өткен әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды. Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов қатысты.

Отырысты осы мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның баяндамасы тыңдалды.

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасыларға көмек көрсету мәселелерін шешудің негізгі шараларының бірі – өңірлерде отбасын қолдау орталықтарын ашу. Оның негізгі үйлестірушісі – жергілікті атқарушы органдар. Ақмола облысында 2022-2023 жылдары жұмыспен қамту бөлімдерінің жанынан отбасыларды қолдау мақсатына  коммуналдық мемлекеттік мекеме түрінде 5 орталық ашылыпты. Олар Степногорск, Қосшы қалалары мен Атбасар, Бурабай, Шортанды аудандарында. Олардың барлығы аталмыш бөлімдердің ғимараттарында тегін орналасқан, әрқайсысында 5-6 штаттық бірлік бар.  2027 жылға дейін оларды қалған аудандар мен қалаларда ашу керек. Ашылып, жұмыс істеп жатқан орталықтарды қамтамасыз ету үшін 2023 жылы бюджеттен 70 миллион теңге, ал, биылғы жылы 83 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Сондай-ақ, облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын уақытша орналастыруға арналған 6 дағдарыс орталығы жұмыс істеуде. Онда 6 айға дейін тұруға болады екен. Ондағы әйелдер мен балаларға психологиялық, медициналық, құқықтық-әлеуметтік көмектер көрсетіледі.   Былтыр бұл орталықтар облыс бойынша 242 мұқтаж адамға қол ұшын беріпті, олардың 87-сі әйелдер, қалғаны балалар. Жалпы, ол орталықтарды ұстап тұру үшін былтыр қазынадан 85 миллион теңге жұмсалыпты.

Степногорск қаласындағы «Отбасыларды қолдау орталығының директоры Салтанат Жетпісбаева орталық жұмысын жүргізу туралы өз тәжірибесімен бөлісіп болғаннан кейін аталған мекемелердің жұмыс регламентіне халық қалаулылары тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Олардың пікірінше, өткен жылы құрылған отбасыларды қолдау орталықтары жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бірқатар функцияларын қайталайды, халыққа түсіндіру, кеңес беру жұмыстары нашар жүргізіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауға арналған дағдарыс орталықтарының жұмысы көбінесе қоғамдық бірлестіктермен жүзеге асырылуда және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бөлінген қаражат әрдайым жеткіліксіз. Тіпті, халық қалаулылары сол орталықтарды тексеріп барғанда, бір жыл бұрын сонда жүрген әйелдер, екінші қайталап барғанда әлі сол жерде жүріпті. Ондағы себеп – тұратын жер тегін. Ал, оларды өмір сүруге бейімдеу, жұмысқа орналастыру жағы тиісті деңгейде қарастырыла бермейді. Депутаттар осындай пікірлерінен кейін мұндай мекемелердің қызмет көрсету процесінің сапалы болуы үшін олардың қызмет мерзімдері мен сапасын, жұмыстарының құнын қайта қарау қажеттігін ұсынды.

Комиссия талқылаған келесі мәселе – Ақмола облысында жастар саясатын дамыту туралы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, Жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков сөз сөйледі. Талқылау барысында жас отбасыларды тұрғын үймен, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерін жатақханалармен қамтамасыз ету мәселелері аса өзекті екендігіне назар аударылды. Жастар ресурстық орталықтарының қызметіне келетін болсақ, барлық аудандарда жеке ғимараттары жоқ, бір бөлігі әкімдік ғимараттарында орналасқан, бұл жастардың көптеген идеяларын жүзеге асыруға бөгет болып отыр. Депутат Сұлтанбек Бекешев жастар-ресурстық орталықтарының директорлары мен қызметкерлерінің жалақысы өте төмен екендігін алға тартып, бұл мәселе бірнеше жыл бойы көтеріліп келе жатса да, баяғы жартас, сол жартас екендігін тілге тиек етті.

Отырыс соңында депутаттар Атбасар қаласындағы қан компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау және сату пунктінің жұмыс істеу мәселелерін талқылады. Тақырып бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков пен облыстық қан орталығының директоры Ермек Мұхамедиев түсініктеме берді.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img