spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7.3 C
Kokshetau

Ұлттық қордан ақмолалық 215 487 баланың есеп шотына ақша түсті

Сондай-ақ...оқыңыз

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының директоры Аяш Кеншінбаева журналистермен кездесу өткізіп, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылуының барысы, шотқа түскен ақшаны қалай пайдалануға болатыны туралы ақпарат берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында:

–Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады,– деп атап көрсете келе бұл жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Президенттің бұл бастамасы жаңа жылдың 1 ақпанынан іске асып, Қазақстан азаматтары болып саналатын 18 жасқа дейінгі барлық балаларға тұңғыш рет Ұлттық қордан алғашқы қаржы аударылды. Республика бойынша аталған бағдарламаға 6 919 131 бала ілігіп, олардың барлығына бірдей 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшеріндегі сома түсті. Балаларының шоттарына ақша түскенін көрген ата-аналардың бірі қуанды, ал, бұл ақшаны азсынған енді бірі Біріккен Араб Әмірліктерінде бала туғанда оның шотына аударылатын қаржының мөлшерімен салыстырып, сынға алды. Жер бетінде қанша адам болса, сонша пікір болады емес пе?! Бұл әзірге алғашқы аударым, алдағы жылдары Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен аталған сома ұлғайып отыратын көрінеді. Бұл арада, ең бастысы, халықтың, ата-аналардың тарапынан қанша жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе қолға алынды, сөйтіп, сең қозғалды.

–Аталмыш жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алу алуға мүмкіндік беру. БЖЗҚ-ның «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылғы 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтарының тізімі қалыптастырылды. Бұл тізімдегі 6,9 миллионнан астам баланың 304815-і ағымдағы жылы 18 жасқа толады. Яғни, олар бұл ақшаны бір-ақ рет алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ақмола облысында бұл бағдарлама бойынша 215487 баланың есепшотына тиісті ақша түссе, олардың ішінде жасы 18-ге толатын 11 мыңнан астамы сол қаражатты биыл пайдалана алады, – деп түсіндірді Аяш Хакімқызы.

Мамандардың айтуынша, бағдарлама қатысушылары ретінде 2006 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 31 желтоқсаны аралығында  дүниеге келген балалар енгізілген. Келесі жылдары дүниеге келген балалар автоматты түрде бағдарлама қатысушысы болады.

Егер бала осыған құқылы бола тұра, қандай да бір себептермен бағдарлама қатысушыларының тізіміне енбей қалса және осындай балалардың жалпы санын есептеу кезінде ескерілмесе, онда оның заңды өкілдері өтініш берген жылдан кейін, келесі жылы аударымдар жүзеге асырылғанда өткізіп алған кезеңінің де ақшасы қоса аударылады.

Баланың шотына ақшаның түскені не түспегені туралы ата-аналар немесе олардың заңды өкілдері арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтынан баланың жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы тексере алады. Сол сайтта бағдарламаның шарттарымен танысып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап ала алады. Сондай-ақ, әрбір баланың шотына аударылған қаражатты ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен көре алады.

–Егер бала қандай да бір себептермен бағдарлама қатысушыларының тізіміне енбесе, балалардың заңды өкілдері мынадай құжаттар мен деректерді тексерулері тиіс. Мәселен, балада жеке басын куәландыратын туу туралы куәлігі немесе 16 жастан асқан болса ҚР азаматтының жеке куәлігі болуы тиіс. Жеке басын куәландыратын құжатта деректер, яғни, тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, ЖСН, азаматтығы дұрыс көрсетілуі қажет. «Электронды үкімет» веб-порталындағы «Цифрлық құжаттарда» Отбасы бөлімінде өзінің жеке кабинетінде балалары туралы мәліметтер болуы қажет, болмаса оны дұрыс тіркеу қажет. Ал, егер балаңызда жеке басын куәландыратын құжат, ЖСН болмаса тұрғылықты жері бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік корпорациясына жүгіну керек. Егер баланың азаматтығы жоқ болса немесе ол анықталмаған және дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне хабарласқан абзал, –дейді филиал директоры.

Жиынға қатысқан «Отбасы» банкінің бірінші санатты маманы Манарбек Гельманов «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушылар 18 жасқа толғаннан кейін есепшотта жиналған қаржыны баспана жағдайын жақсарту мақсатында пайдаланғысы келсе,  аталмыш банкке тиісті құжаттарды ұсынғаннан кейін ол қаржы автоматты түрде қажетті шотқа аударылатындығын айтты.

Облыс бойынша бүгінге дейін жасы 18-ге толған балалардың 5-еуінен баспана жағдайын жақсарту және 4-еуінен білім алу ақысын төлеу үшін шоттағы қордан түскен қаржыны өздеріне аудару жөнінде өтінім түсіпті. Мамандардың мәліметінше, бұл өтініштер мақұлданған.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img