«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде биыл 520 мың түп ағаш егу жоспарлануда. Көшеттер парктің 1960 жылы ашылған тәлімбағында өсіріледі. Осылайша, көрікті мекеннің орман алқабы жас көшеттердің есебінен 65 гектарға ұлғайтылады.
Ұлттық парк қызметкерлері былтыр 500 мыңнан астам қарағай мен қайың өскінін отырғызған. Қайың мен қарағайдан бөлек, мұнда қарақат, алма, таңқурай, үйеңкі және бөріқарақат сынды ағаштар егіледі.
–Жыл сайын инспекторлар қараша айынан қаңтарға дейін орманнан қарағайдың бүршігін тереді. Бұл жұмыс биыл да уақтылы жүргізілді. Жиналып, бірнеше күн кептірілген тұқым қазір тәлімбақтағы температурасы мен дымқыл деңгейі реттелетін жабық орында, арнаулы камераларда сақтаулы тұр. Көктемге салым бүр жара бастаған бүршіктерді топыраққа сеуіп, тыңайтқыш салу, арамшөбін тазалау сынды агротехникалық жұмыс жүргізіп, екі жыл баптаймыз. Содан кейін ғана тамыр жая бастаған, сабағы бірнеше сантиметрге жеткен өскін жабайы табиғат аясында өсіруге болады, – дейді Ұлттық парктің орман мен өсімдіктер әлемін қорғау және жандандыру бөлімінің бастығы Александр Ковалев.
Оның айтуынша, әдетте, көшет сәуір айының соңына қарай егіледі. Нәзік өскін жаңа топырақты жерсінуі үшін тәлімбақтан тамырындағы микрофлорасымен бірге әкеліп отырғызады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде бес жылда 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы кешенді жоспар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. ҚР Президентінің жанындағы мекеме де оны жүзеге асыруға үлес қосуда.