Былтыр «Азаматтарға арналған үкімет» азаматтық хал актілеріне 89 мыңнан астам түзетулер енгізді. Ал, 2024 жылдың алғашқы онкүндігінде 45 мың адам деректерін жаңартуға өтініш білдірген. Бұл деректерді жаңарту жөніндегі өтініштер көбіне-көп қазақстандықтардың отбасы құрамын растау және балалары туралы ақпараттарға түзетулер енгізу бойынша түсуде екен.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Еліміздегі барлық балалар бағдарламаға сәйкес жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін алатын болады. Сол себептен де, ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар eGov.kz порталында азаматтық хал актілеріндегі балалары туралы мәліметтерін тексеруде.
Ақпаратты жаңартып, түзету мүдделі тараптың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Тіркеу жазбасы «АХАТ» ақпараттық жүйесінде болған жағдайда, қызметті беруші тарап 2 жұмыс күні ішінде түзетулер енгізеді. Аталмыш ақпараттық жүйеде түзетулер үшін негіз болатындай жазбалар болмаса, қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін ұзартылады.
Бұған қоса, маңызды хабарламалар мен әлеуметтік қызметтерді уақытында алып отыру үшін мемлекетті отбасыңыздың құрамы туралы хабардар ету қажет. Мәліметтер базасының толық әрі дұрыс болуының арқасында ғана мемлекет бүкіл ел және әрбір аймақ бойынша жеке, нақты демографиялық ахуалға ие болады. Бұл – инфрақұрылымды дамытуға, балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды жоспарлауға және әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.