spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-5.8 C
Kokshetau

Елді ауылдан көшірген ауыз судың азабы

Сондай-ақ...оқыңыз

Кейбір адамдардың «Ауыл тұрғындары кір жуып, кіндік кес­кен туған жерлерін тастап неге көшеді?» деп таңғалатыны бар. Әрине, әркімге өзі туып-өскен, ата-бабасының құтты қонысы қымбат. Әйтсе де қазығын суырып, үдере көшудің себебі аз емес, деп хабарлайды egemen.kz.

Соның бірі – ауыз су. Ондаған жыл бойы өңірдегі ауыл-аймақты ауыз сумен қамтамасыз ету туралы қаншама жоба жасалып, қы­руар қаражат бөлінді. Бар нәти­жесін жоққа шығармасақ та, көз­ден таса, көңілден жырақ қалып жатқан елді мекендер де бар. Тіпті арыз-шағымы естір құ­лаққа жете бермейтін жырақта жатқан ауыл емес, дәл елорданың түбіндегі елді мекен. Еркіншілік ауылының түтіні түзу ұшып тұрған кезінде ұзын-ырғасы 5 мыңнан аса тұрғыны болған. Ауыз судың азабы жандарына батқаннан кейін мыңға жуық адам көшіп кеткен. Егер мәселе жуыр маңда шешілмесе, жан бағуға жайлы жер іздеп елеңдеп отырғандар аз емес.

Мұндағы халықтың күнкөрісі – негізінен төрт түлік малы. Өзге жерлердегідей жайылымның шөбі сұйылып, шабындықтың құнары кеміп, көлемі де тарылған. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, мал ауруы да төрт түліктің төлінен өсіп, төскейді толтыруына мүмкіндік бермей тұр. Өткен жылы қара мал аусылмен ауырып, қыруар шығынға ұшырады. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, дер уақытында аурудың алдын алатын екпе дәрі уақтылы жеткізіліп, егілмеген. Соның салдарынан ақ адал малдарынан айырылып, қоралары босап қалғандар да бар.

Мемлекет тарапынан ауыл­дағы ағайынның мал өсіруіне мол мүмкіндік берілуде. Жеңілдетілген несиеге де қол жеткізуге болады. Ауыл тұр­ғын­дары қолдарынан келетін негізінен осы шаруа болған соң атакәсіпті дамытуға бел буған. Ел ішінде несие алғандар аз емес. Қыруар қаражатқа негізінен қара мал алып, мал басын өз төлі есебінен кө­бейтуді мұрат тұтқанымен, бір жа­ғы жүген-құ­рық тигізбей тұрған мал ауруы мүмкіндік бермей, екін­ші жа­ғынан су тапшылығы алға басқан адымын аштырмай тұр.

Осы уақытқа дейін етек-жеңі кең пішілген ауылды ауыз сумен қамтып келген ескі ұңғыманың түбіндегі сарқыншақ су осыдан екі ай бұрын сыздықтай шығып, кейін мүлдем тоқтап қалды. Бәлкім, жерасты суының арнасында өзгеріс болды ма екен, жоқ әлде су көзі бітеліп қалды ма? Ол арасы ауыл тұрғындарына беймәлім. Қарап отырғанмен күнкөріс түзіле қоя ма, тырбанып екі құдық қазған. Әйт­кен­мен жаңа қазылған құдық­тар­дағы су қоры аз әрі ересен тұзды болып шықты. Ішуге мүлдем жарам­сыз. Су сапасы төмендеген са­йын ауыл тұрғындары арасында әр­қи­лы ауру пайда бола баста­ды. Әсі­­ресе асқазан, ішек ауру­лары, оны аз десеңіз, кейбір тұрғын­дар­дың үсті-басын жара басып кетті.

Көлігі барлар ауыз суды ір­ге­дегі Еңбек ауылынан тасымал­дап күн көріп отыр. Әйтсе де ол ауылдағы құдықтың да су қо­ры мол емес. Аз уақыт амал­да­ғанымызбен, қыс түсе қыруар мал қолға қараған кезде бір қасық суға зар болармыз деген уайым ауыл тұрғындарын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған. Соңғы құдықтарды 60 метр тереңдіктен қазыпты. Қыруар қаржы, күш-жігер жұм­сал­ғанымен, үміт еткен су шық­паған. Екінші құдықтың тереңдігі 90 метрге жуық. Көз жасындай мөлдіреп су шыққан, бірақ қас қылғандай бұл да тұзды. Ауыл тұрғындары шамамен тәу­лігіне 400 текше метр су пайдаланады екен. Барлығы бірдей, әрине, алыстан тасымалдап ішуге мүмкіндіктері жоқ. Ал ауыл дү­кен­дерінде ауыз су сатылмайды.

Осы бір халықты әбден қажы­тып тұрған мәселені облыс­тық мә­слихаттың депутаты Бе­кім Әкі­мов көптен бері көте­ріп жүр. Аталған мәселені ше­шуге аудан­дық бюджеттің қауқа­ры жет­пейді. Жалғыз амал – облыс­тық бюд­жеттен қо­сым­ша қар­жы қа­растырылуы. Ауыз суды Еркін­шіліктен бес шақырым жердегі Еңбек ауылынан жеткізсе, бұл елді мекенде 2018 жылы жерасты суларын барлау кезінде жеткілікті су қоры бар екені анықталған. Ендігі шаруа – су құбырын тарту. Міне, сол кезде жылдар бойы қордаланып қалған, қаны шығып тұрған мәселе бір сәтте шешіліп қалуы ықтимал. Аудан әкімдігі Еңбек ауылынан су тарту стансасын орнатып, бір айдың ішінде су жеткізу туралы ақ түйенің қарны жарылардай сүйінішті хабарды да жариялаған. Кейін бар шығынды екшеп, таразы басына тарта келе, ұңғыма қазу ұтымды деген қорытынды жасаған.

Қалай болған күнде де Еркін­шіліктегі ен жұрттың сағы сынып тұр. Ұңғыма қазылғанымен, бұл төңіректегі жерасты суы ішуге жарамсыз болуы әбден ықтимал. Бұрынғысы солай болды емес пе? Кейін қазылған екі құдық та тұзды болып шықты. Демек, тығырықтан шығарар төте жол – тазалығы, ішуге жарамдылығы көрініп тұрған көршінің құдығына иек арту. Бірақ сол ақжарылқап күн қашан туар екен?

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img