Облыс орталығы Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы әңгіме өзегіне айналған брифингте қала әкімі журналистерді толғандырған бірқатар сауалдарға жауап берді, – деп хабарлайды Aqmola news ақпарат агенттігі.
Жиын барысында Амангелді Смайлов өткен жылдың жалпы қорытындысын баяндап, өңір экономикасы мен тұрғындардың әл-ауқатына кеңінен тоқталды.
Қала әкімінің айтуынша 2020 жылы Ұлы Жеңістің – 75 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Ұлы Абай мен ойшыл Әл-Фараби бабалардың мерейтойлары кең көлемде аталып өтілмек. Сонымен қатар шаһар басшысы мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын Көкшетауда өткізу аса зор жауапкершілікті талап ететін айта келе, жаңа құрылыс нысандарының салынып жатқанын тілге тиек етті.
Әкім қаланың өнеркәсіптік даму қарқынына ерекше тоқталды. Өткен жылдардағы дағдарыстың дауылынан шаруалары едәуір шатқаяқтаған бірқатар өндіріс ошақтарының бойына қайта қан жүгіріп, тіршіліктері жандана түскен. Оған дәлел қаланың өнеркәсіптік секторына жыл соңына дейін ғана 94,5 млрд. теңге сомасында өнеркәсіптік сипаттағы қызметтер көрсетіліп, жаңа өнімдер халықтың игілігіне берілген. Атап айтқанда, «Камаз-Инжиниринг» акционерлік қоғамы – 17,3 миллиард теңге , «Асыл Арман» – 5,7 миллиард теңге, «ЕНКИ» кірпіш зауыты – 3 милллиард теңге, «Ақсай нан Көкшетау» нан зауыты – 369,6 миллион теңге, «Регионстрой» құрылыс компаниясы – 611,6 миллион теңге сомасында өндіріс көлемін ұлғайтқан.
Дегенмен, әттеген-ай дегізетін жайлар да қылаң бермей қоймапты. Әсіресе, азық-түлік нарығында халық көп тұтынатын өнімдердің бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен сары май бағасы 200 теңгеден артық, нан бағасы бірден 20 теңгеге, ұн, күнбағыс майы, сиыр еті сияқты өнімдердің құны халықтың қалтасына салмақ түсіре бастаған. Мұнымен қоса, халық көп тұтынатын АИ -95 ,96 1 теңгеге қымбаттаса, дизелді жанармайы 8 теңгеге өскен.
Жиын барысында тілшілер қауымы қала әкіміне көкейлерінде жүрген сұрақтарды қарша боратты. Атап айтқанда, қаладағы ауыз су сапасы және су құбырларын жаңарту бағытындағы жұмыстардың сылбырлығы, қала көшелеріндегі ономастикалық мәселелердің әлі де болса сын көтермейтін жағдайда болуы басқа да халықтың мұң-мұқтажы жайлы салмақты сауалдар қойылып, әкім тарапынан жауаптар берілді. Қала әкімі көңілге қонымды болатын бірқатар оң өзгерістерді де журналистерге жайып салды.
Әкімнің сөзіне сенсек 2019 жылдың аяғына дейін 186,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беру жоспарланса, оның 113,3 пайызы жүзеге асқан. Орта және шағын кәсіпкерліктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға өсуі байқалған.Сондай-ақ өткен жылдың басынан бері 618 жаңа жұмыс орны ашылса, бұл көрсеткіш жылдық қорытындыға сәйкес 641-ге жеткен.
Бір сөзбен айтқанда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың тәрбиеленуі мен мектепке дейінгі білімін жетілдіруге бағытталған жұмыстар 100 пайыз жүзеге асырылған.
Өткен жылы 1861 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, орташа айлық жалақы мөлшері 143 636 теңгеге жеткен. Безнес-идеяны жетілдіруге 75 грант бөлінсе, оның 15-і республикалық бюджеттен, 30-ы ұлттық қордың қаражатына тиесілі.
Жыл бойы Көкшетау қаласы бойынша 3826 қылмыс тіркеліп, оның 1369-ы ашылған. 431 іс сотқа жолданған.
Жиын қорытындысында шаһар басшысы тілшілер қауымына алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.