Астана қаласында «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ бастамасымен «Еуразия» сервистік орталығын құру жөніндегі бизнес форум өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов, Янчжоу муниципалды халық үкіметі әкімінің орынбасары Чжан Литао, Қытайлық Huayu Anrong Group компаниясының төрағасы Вэй Тунвэй, сондай-ақ екі ел кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Бизнес-форум барысында Қытай Халық Республикасының Янчжоу экономикалық-технологиялық аймағы мен Қазақстан Республикасы Ақмола облысының әкімдігі арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ Қытай және Орталық Азия нарықтарының тауар сатып алу базасы үшін бірыңғай қойма және халықаралық қойма кешені жобасы жөніндегі негіздемелік келісімдерге қол қойылды.
Сонымен қатар, қазақстандық және қытайлық бизнесмендер арасында ынтымақтастықты жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Шара барысында сөз алған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбеков Ақмола облысы Аршалы ауданында орналасқан «Асар» шағын ауданының пилоттық жобасы, ауданы 300 мың шаршы метрге дейінгі «А» класты қоймалардың «Еуразия» электрондық коммерциясы үшін сервистік орталық туралы айтты.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Тайжанов бизнес-форум қатысушылары алдында облыстың инвестициялық тартымды салалары жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ ол Қытайды маңызды экономикалық серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын айтып, облыс әкімдігі өз тарапынан бірлескен инвестициялық жобаларға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайын екендігін алға тартты.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігінің Баспасөз қызметі