Көкшетау қалалық электронды кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті жазушылардың кітаптары электронды нұсқаға көшірілген аудио-дискілердің тұсаукесері болды деп хабарлайды Aqmola news ақпараттық агенттігі.
Ақмола облыстық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы ұйымдастырған бұл игі шара – «Қаламгер қазынасы» жобасы шеңберінде жүзеге асып отыр.
Жергілікті жиырма жазушының кітаптары аудио-дискіге көшірілген. Көкірегіне сәуле ұялаған әдебиет сүйер жалпы оқырманға арналған бұл еңбек туралы орталық директоры Қаратай Бәйкенұлы тарқатып айтып берді. – Мәлік Ғабдуллин, Ілияс Есенберлин, Жұмағали Саин, Сәкен Жүнісов, Жанайдар Мусин, Естай Мырзахметов, Елжас Бекенов, Сарбас Ақтаев, Төлеген Қажыбаев, Баймұрат Азнабайұлы, Мәди Хасенов, Мағира Қожахметова, Нығмет Ғабдуллин, Ерназар Ыбыраев, Қорғанбек Аманжол және тағы басқа жергілікті жазушылардың еңбектері электронды нұсқаға көшірілді. Бұл өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан игі іс. Өйткені, бұл заман талабы, – дейді Қаратай Бәйкенұлы.
Смартфонға жүктеп, құлаққаппен кез-келген ыңғайлы уақытта тыңдай алатын кітаптардың аудио нұсқасын шығару бұл күнде сұранысқа ие болып отыр дейді ұйымдастырушылар. Аудио жазбалар оқыту орталығы мен электронды кітапхананың сайтына да орнатылатын болады.
Жиынға Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл қатысып, сөз сөйлеп, жиналған жастарға аудио-кітаптардың құндылығы туралы айта келіп, осындай игі шараны жүзеге асырып отырған орталық ұжымына алғыс білдірді. Тұсаукесер рәсімінде Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Жиын соңында «Көкше» тобының орындауында Қаратай Төлекеевтің сөзіне жазылған «Көкшетау, Көкшем!» әні де алғаш рет орындалып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.