«Жастар театры» Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап кезекті қойылымын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Бүгінгі спектакль Т.Миннулиннің ерекше қойылымы десек болады. Бұл – театр ашылған 2007 жылы ең алғаш қойылған спектакльдердің бірі. Содан бері көрерменнің көзайымына айналды. Бұл спектакль комедия жанрында. Барлық жасқа арналған. Комедия болғаннан кейін халық сүйіп көретін спектакльдердің бірі», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Жастар театрының» актері Азамат Есқұл.
Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.
«Халық театрды қатты сағынып қалғаны байқалады. Сондықтан бүгін қойылымға біраз адам жиналды. Театрымызға келген көрермен қошемет көрсетіп, ыстық ықыласын білдіріп жатты», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Жастар театрының» актрисасы Айман Есен.
Іс–шара санитарлық нормаларды толықтай сақтай отырып өтті.
Қазір театр маусымының ашылуына байланысты мұндай шаралар елорданың барлық мәдениет ошақтарында өтіп жатыр. Іс-шаралар кестесін театрлардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көруге болады.