Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесін мерекелеу аясында барлығы 2000-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл арнайы туралы брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова мәлімдеді, деп хабарлайды «Aqmola News».
Аймақта Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай түрлі форматтағы көпшілік шараларды онлайн түрде өткізу биыл да жоспарланған.
Биылғы жылғы тіл мерекесінің ерекшелігі – барлық шаралар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады.
Бүгін «мерекенің ашылуы», яғни барлық мемлекеттік органдарда, еңбек ұжымдарында, ведомствоға қарасты мекемелерде Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар барлық мемлекеттік органдарда, еңбек ұжымдарында, мемлекеттік тілді насихаттайтын шаралар, яғни байқаулар, сайыстар, акциялар, форумдар, ақындар мүшәйрасы, көрмелер, дөңгелек үстелдер, бейнебайқаулар сайысы, онлайн шаралар, сондай-ақ танымдық дәрістер өткізілмекші. Жалпы Ақмола облысы бойынша барлығы 2000-ға жуық шара өткізіледі деп күтілуде», – деді Алтынай Әміренова.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік тіл саясаты қоғамның талаптарына сай жүйелі жүргізіліп отыр.
«Елдегі барлық азаматтардың мүдделерін кемсітпейтін ұстамды да сындарлы тіл саясатын дұрыс жолға қоюға баса көңіл бөлінеді. Тура осындай бағыттағы тіл саясаты әркез өз жемісін беріп, ел бірлігі мен татулығына сызат түсірместен, мемлекетіміздің нығаюына, қоғамымыздың топтасуына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Әрине, бұған үнемі жетілдіріліп отырған құқықтық тетіктер мен нақты ауқымды іс-шаралар арқылы қол жеткіздік. Ақмола облысы бойынша барлығы 19 орталық бар, оның ішінде 1 – облыстық, 16 – аудандық, 2 – қалалық орталық. Орталықтың басты мақсаты – ересектерге «Қазтест» жүйесін қолдана отырып, мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттыру. Биылғы оқу жылын 379 топта 3584 тыңдаушы аяқтады. Мемлекеттік тілде 1406 тыңдаушы, ағылшын тілінен 487 тыңдаушы сертификат алды», – деді басқарма басшысы.