Елімізде 28 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Денсаулық министрі Елжан Біртанова мәлімдеді, деп хабарлайды «Aqmola news» ақпарат агенттігі.
«Коронавирусты жұқтырған медицина қызметкерлеріне қатысты көптеген сауалдар туындайды. Біз аталған фактіні жасырмақ емеспіз. Бүгінгі таңда карантин нысандарында жұмыс істеп, коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны – 28 адамды құрап отыр»,-деді министр.
Денсаулық сақтау министрі жұқтырғандардың жеке деректері бойынша, эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
«Әрбір дерек бойынша, эпидемиологиялық тергеу жүріп жатыр. Бұған дейін айтқанымыздай, жұқпалы, провизорлы, стационарлы және карантинді нысандарда жұмыс істеу үлкен қауіппен байланысты. Бұл туралы шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесінен хабардар болып отырдық. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатысты барлық шаралар қабылдануда. Дәрігерлер де қауіпсіздік техникасын сақтаулары тиіс»,-деді Елжан Біртанов.
Министр короанавируспен күреске қатысы бар барша медицина қызметкерлерінің тізімдері жасалатынын да атап өтті.
«Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы қабылданып, коронавируспен барынша күресіп жүрген медицина қызметкерлерінің тізімдері жасалады. Сонымен қатар, сыйақыларды бөліп төлеу регламенті бекітілетін болады. Біздің регламент бойынша, әр өңірдің деңгейінде коронавирусқа қарсы штабтар бар. Ол штабты әкім немесе әкімнің орынбасары басқарады. Штаб деңгейінде сыйақы мәселесіне қатысты шешімдер ашық түрде қабылданады. Дүниежүзінде коронавируспен ауыратын науқастар саны 8,4% өсіп отыр. Төтенше жағдайлар бойынша, мемлекеттік комиссия қажетті шаралар енгізді. Барлық санитарлық тәртіптер міндетті түрде орындалатын болады. Ең алдымен медицианлық қызметкерлерді коронавирус инфекциясынан қорғау және қажетті қауіпсіздік шараларды енгіу бойынша, мемлекеттік деңгейде айтылып, бекітілді», – деп мәлімдеді Біртанов.