Бүгінде елорда жұртшылығы коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцина алып жатыр. Дегенмен, халық арасында екпеге қатысты түрлі алып-қашпа әңгіме де жоқ емес. Осы орайда COVID-19 індетінің алдын алу және онымен күресудің бірден-бір жолы вакцина алудың маңызы туралы елордалық жалпы тәжірибе дәрігері, Нұр-Сұлтан қаласы №11 емхананың бөлім меңгерушісі Айдана Аязбекқызы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
«Вакцина адамды індеттен қорғауда 90% кепілдік береді, қалғаны әр адамның ағзасына байланысты. Халық арасында жиі кездесетін қателіктердің бірі – «вакцина алдым» дейді де, сол сәттен бастап маска тақпай, арақашықтықты сақтамай, той-жиынға барып жүре береді. Вакцинаны толықтай алғанның өзінде антидене 2 айға дейін сақталады. Осыны ұмытпаған жөн. Яғни, індетке шалдықпау немесе одан қорғану вакцина алумен ғана шектелмейді», – деді Айдана Аязбекқызы.
Сондай-ақ, маман вакцина алып, коронавирусқа қайта шалдыққандарға қатысты пікір білдірді.
«Иә, екпе алғанына қарамастан аталған індетке қайта шалдығып жатқандар бар. Халық арасында «екпе алдым, бітті, енді ешқашан ауырмаймын» деген жаңсақ пікір бар, одан аулақ болайық. Денсаулық пен ағзаның саулығы тек вакцина алумен шектелмейді. Вакцина – денсаулық пен ағзаның саулығын сақтаудың бір жолы ғана. Мысалы, бізде толықтай вакцина алып, ковид дертіне қайта ұшыраған пациенттер болды, бірақ олар ешқандай симптомсыз, ӨЖЖ көмегінсіз өз күшімен күресіп шықты. Бұл вакцина алуының арқасында. Бас-аяғы 5 күннің ішінде толықтай жазылды», – дейді ол.