Облыс әкімі Ермек Маржықпаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Степногорск қаласы мен Ақсу, Бестөбе елдімекендеріндегі кен орындарындағы зиянды қалдықтар мен ауа отмосферасына қатысты қолға алынып жатқан шаралар туралы айтты,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Облысты дереу шешім шығаруды талап ететін бірқатар экологиялық мәселелер бар екені өздеріңізге белгілі. Әсіресе, Степногорск қаласы мен Бестөбе, Ақсу елдімекендеріне жақын орналасқан кен орындарының тұрғындары зиянды қалдықтарға қатысты арыз-шағымдарын жиі айтады. Осыған орай жұмыс тобы құрылып, мәселелер назарға алынды. Бұл бастамаға «Казахалтын Technology») жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы да қосылды. Ақсу кенті маңындағы «Алтыналмас» АҚ мен «Қазахалтын» компанияларының жетекшілерімен өзара келісім жүргізіліп жатыр,-деді аймақ басшысы
Облыс әкімі экологиялық ахуалды жақсарту үшін әкімдік министрлікпен бірлесіп, 2024 жылға дейін барлық мәселелерді кешенді шешудің жол картасы бекітілгенін айтып өтті.
Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта атмосфераға зиян келтіретін заттарды тазалау және төмендету бойынша қазіргі заманғы технологияларды енгізу, газификациялау жұмыстары қолға алынбақ.
Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарға арнап 7 бірдей полигон салынбақ.
Жол картасында Щучинск-Бурабай курорттық аймағының көлдерін тазалау және бес электрстанция салу сияқты тағы басқа да жобалар қарастырылған.
Аймақтағы экологиялық ахуал облыс әкімдігінің үнемі назарында,-деді Ермек Маржықпаев.