Бүгінгі күні өңірде көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін өңірде тұқым қоры жеткілікті. Қазіргі уақытта оны зертханалық жолмен тексеру жұмыстары аяқталды.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша 4,5 млн га жерге дәнді дақылдар, 222 мың гектарға майлы дақылдар, 196 мың гектарға мал азығы егіледі.
«Жанармай мәселесіне келетін болсақ, биыл Үкіметтен егіс науқанын өткізу үшін 70 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Барлық техника 100 пайыз дайын. Жоспар бойынша 20 күннің ішінде егістік жұмыстарын бітіреміз деген ойдамыз. Күндегі жоспар 230 мың гектарды құрайды», – деді облыстық басқарма өкілдері.
Көктемгі егістікке қатысты Жарқайың ауданының «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Алин биылғы жылға арналған жоспарларын айтты.
«Биыл бізде 45 мың гектар аумағына егін егу міндеті қойылды. Оның ішінде 41 мың гектардан астамына бидай, 3 мың гектарына арпа егілмек. Ал 200 гектарға сұлы мен қарақұмық егіледі. Бүгінгі күні егіс жұмыстарына қызу дайындық жүріп жатыр», – деді кәсіпкер.
Айта кету керек, биыл облыс диқандары 4,9 млн гектар егу міндетін қойып отыр. Оның ішінде 4,5 млн гектар – дәнді-бұршақты дақылдар, 216 мың гектар – майлы дақылдар, 200 мың гектар – жаздық дақылдар, 15,6 мың гектар – картоп және 3,4 мың гектардан астам-көкөністер. Былтырғымен салыстырғанда егін алқабы 92 мың гектарға артпақ.