Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлының есімімен аталатын халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі мәресіне жетті. Республика күні қарсаңында өткен жарысқа Қазақстанның өңірлерінен, сондай-ақ Түркия, Ресей және Моңғолиядан келген саятшылар қатысып, бүркіт, қаршыға және ителгі баптаудан бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев ұлттық спортты дамыту мен дәстүрлі мұраны сақтаудың маңызын атап өтті.
«Құсбегілік – қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі. Осындай халықаралық жарыстар ұлттық спортты дамытуға, дәстүрімізді дәріптеуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», – деді Досұлан Айтбаев.
Айдарлы ауылының таңдалуы да өңірдің тарихи мұрасымен байланысты. Зеренді жерінде саятшылық өнерінің өзіндік орны бар. Ауыл тарихында Дүйсен би Есенберліұлы мен оның Алабас атты бүркіті туралы деректер сақталған. Ал турнирдің Мәсіп Батырханұлының есімімен аталуы – құсбегілік өнерге үлес қосқан тұлғаның мұрасын ұлықтау белгісі.
Жарысқа Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген 58 жастағы Нұрғайып Ыдырысұлы да қатысты. Құсбегілікпен 46 жылдан бері айналысатын саятшының айтуынша, оның жеті атасы да бүркіт баптаған. Ол «Қансонар» турниріне биыл төртінші рет қатысып, екі жастағы бүркітін алып келген.
Турнир нәтижесі бойынша жеңімпаздар үш бағытта анықталды.
Бүркіт баптау:
– 1-орын – Уәлихан Шыңғыс (Ақмола облысы);
– 2-орын – Тастанбек Байрақ (Ақтөбе облысы);
– 3-орын – Жандарбек Сағидуллаев (Алматы қаласы).
Қаршыға баптау:
– 1-орын – Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы);
– 2-орын – Ерасыл Серкбекұлы (Астана қаласы);
– 3-орын – Ақжол Карчиганов (Ресей).
Ителгі баптау:
– 1-орын – Теміралі Төлегенұлы (Қарағанды облысы);
– 2-орын – Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы);
– 3-орын – Мутлу Кызылбуга (Түркия).
Осылайша, Ақмола облысының құсбегілері екі бағыт бойынша жүлдегер атанды.
Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық саятшылық өнерін насихаттап, отандық және шетелдік құсбегілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Дәстүрлі жарыс қазақтың құсбегілік мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.



