Конго – Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – табиғи-ошақты ауру, маусымдық көктемгі-жазғы сипатымен ерекшеленеді.
Аурудың өршу жағдайлары мамыр айынан тамыз айына дейінгі кезеңде тіркеледі.
Аурудың негізгі берілу жолы – кененің шағуы. Сонымен қатар, жұқтырған жануарлардың немесе адамның қанымен және биологиялық сұйықтықтарымен байланыста болған кезде де жұқтыруы мүмкін.
Табиғаттағы КҚГҚ-ның негізгі тасымалдаушылары мен инфекция көздері әртүрлі кеміргіштер, үй және жабайы жануарлар (ірі қара мал, жылқы, иттер, доңыздар), сондай-ақ вирусты өмір бойы сақтап, оны ұрпағына бере алатын кенелер болып табылады.
Жұқтырған адамның қанымен, бөлінділерімен, ағзаларымен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен тығыз байланыста болған кезде адамнан адамға жұғу орын алуы мүмкін.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының инкубациялық кезеңі бірнеше күннен 14 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Кене шаққаннан немесе жануарлармен байланыста болғаннан кейін денсаулық жағдайын мұқият бақылау маңызды.
Аурудың белгілері дене қызуының кенеттен көтерілуінен, миалгиядан (бұлшықет ауырсынуынан), бас айналудан, мойынның ауырсынуы мен сіресуінен, арқаның немесе белдің ауырсынуынан, бас ауруынан, көздің қабынуынан және фотофобиядан (жарыққа сезімталдықтың жоғарылауынан) басталады. Сонымен қатар жүрек айнуы, құсу, іш өту, іштің және тамақтың ауырсынуы байқалуы мүмкін. Одан кейін көңіл-күйдің күрт өзгеруі және сананың шатасуы орын алуы ықтимал.
Екі-төрт күннен кейін қозу жағдайы ұйқышылдыққа, депрессияға және әлсіздікке ауысуы мүмкін. Ал іштің ауырсынуы оң жақ жоғарғы бөлікте шоғырланып, бауырдың ұлғаюы (гепатомегалия) анықталуы мүмкін.
Қазақстанда КҚГҚ-ның табиғи ошақтарына Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары жатады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті вирустық ауру.
КҚГҚ-ның таралуын болдырмау үшін кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргізу қажет. Дезинсекциялық препараттармен тиімді өңдеу жүргізу үшін аумақтың алдын ала механикалық тазартылуы міндетті түрде жүргізілуі тиіс.
Өзіңізді КҚГҚ-дан қорғау үшін мынадай шараларды сақтау ұсынылады:
- Кенелер арқылы берілетін аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы – кененің денеге жабысуына жол бермеу:
– Жануарларды қырқу кезінде қолғап пайдалану қажет. Қолғапты шешкеннен кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек.
– Табиғатқа немесе жайылымға шыққан кезде кенелердің шағуынан қорғану үшін тығыз, ашық түсті матадан тігілген, жеңі ұзын киім кию қажет. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне, ал аяқ киімді жабық үлгідегі аяқ киіммен кию ұсынылады. Дене мен киімді кене бар-жоғына мезгіл-мезгіл мұқият қарап отыру қажет.
– Дененің ашық жерлері мен киімді репелленттермен өңдеу қажет.
– Бір-бірін және өз денесін үнемі қарап-тексеру керек. Орманды жерлерде, шөптесін өсімдіктер өскен аумақтарда болған кезде үстерді қарап-тексеруді әр 10–15 минут сайын жүргізу ұсынылады.
– Табиғат аясындағы демалыстан оралғаннан және киімді шешкеннен кейін денені, шашты және киімді мұқият қарап, жабысып қалған немесе қадалған кенелердің бар-жоғын тексеру қажет. Әсіресе бастың шашты бөлігіне, қолтық астына және құлақтың артына ерекше назар аудару керек.
- Кенелерді қолмен жаншуға жол бермеу қажет.
- Киімді желдетіп, гүлдерді, бұтақтарды және аңшылық олжаларды бірден үй-жайға кіргізбеу керек.
- Кене шаққан жағдайда немесе аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігерге жүгіну қажет.
- Үй иттерін және басқа да үй жануарларын қарап, оларға жабысып қалған немесе қадалған кенелерді анықтап, алып тастау қажет.
- КҚГҚ-ның табиғи ошағында орналасқан елді мекендерде аумақты көң мен қоқыстан жүйелі түрде тазарту, арамшөптерді шабу және өртеу, бұталарды тазалау, ғимараттарды жөндеу, саңылауларды, жарықтарды және індерді алдын ала мазутпен және басқа да осыған ұқсас заттармен толтырып, бітеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мал шаруашылығы нысандарындағы жарықтар мен індерді бітеу үшін пайдаланылатын сазды және басқа да құрылыс материалдарын аталған заттармен алдын ала сіңдіріп алған жөн.
Есте сақтаңыз! Әр адамның жеке жауапкершілігі – қарапайым сақтық шараларын сақтау және өз денсаулығына мұқият қарау, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты қауіпті инфекцияларды жұқтырудан қорғануға мүмкіндік береді!
Ақмола облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департамент
басшысының орынбасары Ғ.Алин



