spot_img
Сенбі, Маусым 14, 2025
19.9 C
Kokshetau

Ағылшын тілінен алдына жан салмайды

Сондай-ақ...оқыңыз

Еліміздің он екі аймағынан 2 691 оқушы ағылшын тілінен бақ сынап, «KGL Contest» халықаралық олимпиадасына қатысты. Сайыстың бірінші кезеңінің нәтижесі көрсеткендей, біздің балалардың шет тілін меңгеру деңгейі айтарлықтай жоғары. Тестті 9 бен 17 жас аралығындағы оқушылар тапсырды. Сайысқа қатысу идеясын отандық мектептерге ағылшын тілі пәнінің оқулығын Оқу-ағарту министрлігінің МЖМБС талабына сай әзірлеген Қазақстандағы «Express Publishing» компаниясы ұсынған.

«KGL Contest» – барлық жастағы және түрлі деңгейдегі оқушылардың ағылшын тілін қаншалықты меңгергенін анықтауға арналған жалғыз халықаралық олимпиада (Ұлыбритания). Оның ерек­шелігі – түрлі елдің балалары тестті бір күнде тапсы­рып, сынақ сұрақтарына қа­ты­сушының жасы мен шет тілін білу деңгейіне сәй­кес құрастырылғанында. Олим­пиада екі кезеңнен тұрады: алғашқысы биыл 15 ақпанда өтіп, оқушылар тест талабына сай сұрақтың дұрыс жауабын белгіледі. Pre A1 және А1 деңгейінің қатысушыларына 45 минут берілсе, ағылшын тілін жоғары – В1 және В2 деңгейінде білетіндерге жауап беруге 60 минут бөлінді. Бірінші кезеңнің нәтижесі бойынша олимпиадаға елімізден қатысқан 2 691 баланың 530-ы 90%-дық межелі деңгейді еңсеріп, екінші турға жолдама алды. Наурыз мерекесі қар­саңында – 15 наурызда олар оқуды, аудио тыңдауды және жазуды тексеруден тұ­ратын ұзақтығы 60-90 минуттық екін­ші тестті тапсырды. «KGL Contest»-тің бри­тан­дық бас кеңсесі шешуші кезеңнің нәтиже­сін алдағы сәуір айында жариялайды.

– «KGL Contest» халықара­лық олим­пиа­дасының екінші кезеңіне өткен 530 оқушы межеден өтуге жол ашатын 90% ұпай жинады. Анығын айтсақ, соның ішін­де 25 бала­ның деңгейі – Pre A1, 78 бала­нікі – А1, 144 бала ағылшын тілін А2 дең­гейінде меңгерген, ал 151 баланікі – В1 және 132 баланың деңгейі – В2. Ай­мақ­­тарды салыстырсақ, екінші кезеңнің межесінен өткендердің саны жағынан көш бастағандар Алматы қаласы мен Қызылорда облысы – сәйкесінше, жалпы олимпиадаға қатысқандардың 412 және 42 оқушысын құра­ған. Себебі аталған өңір­лер өте белсенді атсалысып, Алматыдан 2 038 және Қы­зылорда облысынан 303 адам тіркелді, – дейді дерек­пен бөліскен «EDU Stream» халықаралық тіл академия­сының Бас директоры Наталья Мұхамеджанова.

Қатысушы әр топқа жауапты супервайзер бекітіл­ген. Олимпиаданы ұйым­дастыру рәсімін бір күнге Ұлы­британиядағы бас кеңсе бекіткен, сұрақтарды жариялау, тест тапсыру және нәти­жесін жинап, жапсырып «KGL Contest»-ке жіберу секілді қатаң ереже бойынша өткізілді. Содан соң баланың білімі адамның қатысуынсыз ақпаратты жинаумен айналысатын жүйе негізінде анықтады.

– Халықаралық олимпиа­даның бірінші кезеңіндегі нәтижесінің ең жағымды тұсы – жас ұрпақтың ағылшын тілін бізге, ересектерге қарағанда академиялық деңгейде таза мең­гергені. Тоғыз жыл бұ­рын елімізде орта білім саласында жаңартылған оқу бағдарламасын енгізгенде ағылшын тілінің оқу-әдісте­мелік кешенін әзірлеушілерге қойылған басты талап, оқу­шы­лардың шет тілін B2 көрсеткішіне – орташадан жоғарыға жеткізу болатын. «KGL Contest»-тің алғашқы кезеңінің бүгінгі нәтижесіне қарап, діттеген мақсатқа қол жеткіздік деп нық сеніммен айта аламыз, – дейді Наталья Мұхамеджанова.

Қазақстан оқушыларының ағылшын тілін қаншалықты меңгергенін тексеретін болсақ, «KGL Contest» халықаралық олимпиадасының осы нәти­желерін негізге алған дұрыс, дейді отандық мектептерге ағылшынмен қатар неміс, француз және орыс тілі пәнде­рінің оқулығын әзірлеген мамандар – «EDU Stream» сарапшылары. Неге десеңіз, тесттегі дерек айқын: сұрақтар баланың жасы мен шет тілін білу деңгейіне шақталған, кім және қай жақтан тапсыр­ғаны және сұрақтар қалай құ­растырылғаны туралы нақты ақпарат және тағы басқа талаптары айқындалған. Айта кету керек, «EDU Stream» – британдық «Express Pub­lishing» баспасының елі­міз­дегі эксклюзивті өкілі. Қазақ­стан мектептерінің 70% ағыл­шын тілін Оқу-ағарту минис­тр­­­лігінің жаңартылған білім беру мазмұны бағдарла­ма­сы­на сәйкес «Express Publishing» әзірлеген оқу-әдістемелік кітаптары бойынша оқиды.

Екінші кезең жеңімпаз­дарын «KGL Contest» халық­аралық олимпиадасы 4 категория бойынша – А1 деңгейінің жеңімпазы, А2 деңгейінің жеңімпазы, В1 деңгейінің жеңімпазы және В2 деңгейінің жеңімпазы деп ағылшын тілін меңгерудің әлемдік стандартына сай анықтайды. Үздіктер ішінен оқ бойы озғандарды марапаттау рәсімі Афинада – «KGL Contest»-тің аймақтағы кеңсесінде өтеді. Екінші турда Қазақстан оқушылары жеңіске жетсе, «EDU Stream» халықаралық тіл академия­сы ең үздік отандастарымызды Афинаға өз қаражатына алып бармақ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Қосшыда «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің үлескерлері қоныс тойын қала күні атап өтеді  

Қосшы қаласының күніне орай «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің үлескерлері көптен күткен пәтерлерінің кілтін алады. Бұл туралы Ақмола облысының...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика