spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Ақ халатты абзал жандар мерейі

Сондай-ақ...оқыңыз

Ең қастерлі мамандық иесі – медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған салтанатты жиында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөз сөйлеп, денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосып жүрген ақмолалықтарды салалық медальдермен және Алғыс хаттармен марапаттады.

–Ұлт саулығы – жаңа әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Үкімет денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет деп ұлт саулығына ерекше назар аударған болатын. Бұл тапсырма бойынша облыста ауқымды жұмыстар қолға алынды, –дей келе аймақ басшысы өңірде аталмыш салада атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

Бүгінде облыс тұрғындарына 560 денсаулық сақтау мекемесі қызмет көрсетуде. Оларда шамамен 2 мыңнан астам дәрігер, 12 мыңға жуық  орта буын және кіші медицина қызметкерлері еңбек етуде. Сонымен бірге, облыстың денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістер болып жатқаны анық. Қазіргі уақытта медицина ұйымдары заманауи жабдықтармен қамтылып, ақ халатты абзал жандардың еңбекақылары едәуір өсіп, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы жақсаруда. Жылдан-жылға денсаулық сақтау саласын қаржыландыру да артып келеді. Соңғы үш жылда салаға бөлінген бюджет көлемі 33 пайызға ұлғайған. Мәселен, 2022 жылы бұл сома 70,3 миллиард теңгені құраса, биыл 99,4 миллиард теңгеге жеткен. Бұл қаржыға денсаулық ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, өткен жылы облысқа 250-ден астам арнайы медициналық техника мен құрал-жабдықтар сатып алынған. Соңғы 4 жылда 8 денсаулық сақтау нысаны халыққа игілігіне қызмет етуге беріліпті. Биыл Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында жүргізіліп жатқан емхана мен аурухананың құрылысы жыл аяғына дейін тапсырылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, облыс орталығында 630 орындық заманауи өңіраралық медициналық кешен салынбақшы. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 14 ауданның 38 ауылында жаңа медициналық нысандар бой көтереді деп жоспарланыпты.

–Өңірде болған су тасқыны кезінде медицина қызметкерлері халықтың жанынан табылды. Ақ халатты абзал жандарымыз алдыңғы шепте уақытпен санаспай, еңбек етіп, мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетті. Сіздерге ерен еңбектеріңіз, антқа адалдықтарыңыз үшін шын жүректен алғысымызды білдіремін, –деп, барша медицина қызметкерлерін құттықтады өңір басшысы.

Облыс әкімі құттықтау сөзінен кейін сахнаға өңіріміздің құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанадиловті шақырып, туған күнімен құттықтады, оған Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай шығарылған бірінші мерейтойлық медальді табыс етіп, сый-сыяпат жасады.  Бұдан әрі бірқатар медицина ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі, халықтың денсаулығын сақтау саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін бір топ қызметкерлерге «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері және облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Марапатталғандар ішінде Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық қызметі емханасының меңгерушісі Қуаныш Идрисов, облыстық аурухананың кардиохирург дәрігері Нұрлан Мінайдаров, Астрахан аудандық ауруханасының дәрігер фтизиатрі Гүлнәзира Ысқақова, Егіндікөл аудандық ауруханасының аға медбикесі Әсел Бағысова және тағы басқалары бар.

Салтанатты шара соңында медицина ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары сыйланды.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img