spot_img
Жұма, Шілде 19, 2024
13.7 C
Kokshetau

Басты міндет – халыққа сапалы, жан-жақты қызмет көрсету

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының көпбейінді ауруханасы өңірде жоғары технологиялық, қазіргі заманға сай медициналық қызмет түрлерін сапалы ұсынып келе жатқан, мамандандырылған ең ірі көпсалалы ем жүргізу мекемесі болып табылады. Соңғы жылдары материалдық-техникалық база қазіргі заманға сай жаңа құрал-жабдықтармен нығайтылып, барлық бағыттағы медициналық көмектер ойдағыдай ұсынылып келеді. Әрі науқастардың сапалы ем қабылдауы барысында біздің ақ халатты дәрігерлеріміз қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Облыстық аурухананың стационарында бүгінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тәулік бойына арналған 709 төсек орын бар. Өңір тұрғындарына 1477 ақ халатты жандар көмек көрсетсе, олардың 244-і дәрігерлер, 679-ы орта медициналық қызметкерлер, қалғандары кіші персонал. Кадр тапшылығына келсек, айтарлықтай жетіспеушілік байқалмайды. Дәрігерлердің ішінде үшеуі медицина ғылымдарының кандидаты, 80-інде жоғары санаты бар, 40-тан астам ақ халаттының кеудесінде «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісі жарқыраса, екеуі «Құрмет» орденімен марапатталған. Медбикелердің 50 пайызынан астамы жоғары біліктілік санатына ие, 7 медбикеге «Мейірімділік пен қайсарлық»  сыйлығы берілгенін мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ,  4-еуі денсаулық сақтау үздігі болса, 99 медбикенің кеңейтілген тәжірибесі бар.  Сонымен бірге, былтыр 12 дәрігер қатарымызға келіп қосылды. Жас мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау тұрақты негізде жүзеге асырылады. Облыстық ауруханаға келген мамандар пәтерлермен қамтылып, жатақханамыздан бөлмелер беріледі. Жерлігікті бюджет есебінен 2,5 миллион теңгеге дейін, ал облыстық аурухананың бюджетінен  500 мың теңге мен 1 миллион теңгеге дейін көтермеақы  беріледі.

Жоғары технологиялық медициналық көмек операцияларының көлемі де жыл озған сайын кеңейіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың 12 айында жоғары технологиялық медициналық көмек бойынша 356 операция жасалды. Нақтырақ айтқанда, кардиохирургиялық – 234, нейрохирургиялық – 55, ангиохирургиялық – 53, ортопедиялық – 7, травматологиялық – 3, кардиологиялық – 6, онкохирургиялық 1 операция іске асырылды.

2023 жылы мекеме дәрігерлеріне 8 шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Олар бұл шараларда теріні аллотрансплантациялау, геморроидальды артерияларды эмболизациялау әдісі, CRT-d қондыру, өңештің варикозды тамырларын байлау, эндоскопиялық дакриоцисториностомия, әртүрлі қан кетулер кезінде веналардың эмболизациясы, соның ішінде бауыр гемангиомасы, омыртқаның транспедикулярлық фиксациясы, сондай-ақ, урологиядағы лапароскопиялық емдеу бойынша жаңа әдіс-тәсілдерді игерді. 2024 жылға 10 шеберлік сыныбын өткізу жоспарланған.

Жыл озған сайын диагностика мен емдеудің жаңа әдістері тұрақты негізде енгізілуде, сол себепті былтыр диагностикалау мен ем-дом жасаудың 28 жаңа әдісін өз тәжірибемізге қостық.

Үкімет пен Ақмола облысы әкімдігінің қолдауының арқасында республикалық және жергілікті бюджет есебінен біздің аурухана жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп,  материалдық-техникалық база үнемі жаңартылып тұрады. Осылайша, 2023 жылға арналған жабдықтау 96,2 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш республикада небары 86,4 пайызды құрайды.

Көпсалалы облыстық аурухана солтүстік өңірдегі практикасы мен ғылымы және білімі сапалы интеграцияланған жетекші медициналық ұйым екенін жоғарыда атап өттім. Біздің басты міндетіміз – облыс халқына заманауи жабдықтар мен инновациялық технологияларға негізделген қолжетімді медициналық көмек көрсетуді сапалы ұйымдастыру. Сонымен, ауруханада жоғары технологиялық медициналық қызметтер кардиохирургия, нейрохирургия, рентген-эндоваскулярлық хирургия, ангиохирургия, онкологиялық бейін, ортопедия бағыттарында жүзеге асырылады. Былтыр 12 айда ауруханада 28 мыңнан астам науқас стационарлық ем қабылдаса, 120 мыңға жуық адамға амбулаториялық қызмет көрсетілді, 12 мыңнан аса адамға ота жасалды.

Көпсалалы облыстық аурухана Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы жоғары медицина мектебінің және Көкшетау жоғары медициналық колледжінің клиникалық базасы болып табылады. Жыл сайын мыңнан астам студенттер, интерндер мен резиденттер аурухана қабырғасында тәжірибе мен оқытудан өтеді.

Аурухана қызметкерлері қоғамдық өмірге де белсенді араласады. Биыл мамыр айында облыстың денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері арасында «Денсаулық» облыстық спартакиадасы болып, онда аурухана өңірдің барлық медициналық ұйымдары арасында бірінші жалпыкомандалық орынға ие болды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференция жұмысына ғылыми орталықтар мен жоғары медициналық оқу орындарының өкілдері, Германия, Қытай, Ресей Федерациясы, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстаннан елдерінен келген қонақтар мен еліміздің аты аңызға айналған медицина қызметкерлері, жалпы, 250-ге жуық хирург-дәрігер қатысты. Конференцияның мақсаты жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелеріне мамандардың назарын аудару, хирургия саласындағы жетекші отандық және шетелдік мамандардың күш-жігерін біріктіру болып табылады.

Медицина саласының тәжірибелі, кәсіби деңгейі жоғары мамандарының басын қосқан шарада жетекші қазақстандық хирургтар ақмолалық пациенттерге  операциялар жасады. Төрт танымал хирург науқастарға медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, жергілікті дәрігерлерге хирургиялық араласудың заманауи және инновациялық әдістерін үйретті. Мысалы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Имакұлы Тоқпанов диафрагманың өңеш қуысының жарығын жою бойынша операция жасаса, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бөлім меңгерушісі, жоғары санатты хирург-дәрігер Мақсат Досханов бауырдың эхинококкты кистасын жою отасын өткізді. Елордалық онколог дәрігер Абай Мәкішев асқазан ісігіне ота жасап, шеберлік сыныбын өткізді, оған жергілікті мамандар көмектесті. Ал, операцияға қатыспаған ақ халаттылар жұмысты конференц-залда бейнебақылау арқылы бақылады. Сондай-ақ, нейрохирургия, онкологиялық және хирургиялық аурулар және жалпы медицина мәселелері бойынша 50-ге жуық консультациялар өткізілді. Шетелдің жетекші мамандарының қатысуымен өтетін мұндай ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен шеберлік сыныптары отандық хирургиялық қызметті дамытып, кәсіби тәжірибе мен жаңа технологияларды кеңінен қолдануға жол ашады.

Көпсалалы аурухананың құрамына перинаталдық орталық та кіреді, ол облыста үшінші деңгейлі мамандандырылған акушерлік, гинекологиялық, неонатологиялық көмек көрсететін,  әйелдерді босандыратын жалғыз емдеу-профилактикалық мекемесі. Жыл сайын орталықта 4 жарым мыңға жуық әйел дүниеге сәби әкеледі. Сондай-ақ, онда өңірдің медициналық ұйымдарынан жолдамамен жіберілген жүкті әйелдер ем алады, жаңа туған сәбилерге, оның ішінде дене салмағы төмен немесе өте төмен шараналарға күтім көрсетіледі. Орталықта заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, лапароскопиялық, гистероскопиялық, сондай-ақ, органдарды сақтап қалатын оталар жүзеге асырылады. Оның консультациялық-емханалық блогында дәрігерлер УДЗ жүргізіп, акушер-гинекологтар, генетиктер консультациялар өткізеді, сондай-ақ, гематологиялық, цитогенетикалық, иммунологиялық зертханалық тексерулер және медициналық-генетикалық скринингтер жүргізіледі.

Аурухананың құрылымдық бөлімшесі болып табылатын онкологиялық орталық қатерлі ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізу, алдын алу, облыстағы медициналық ұйымдарға онкологиялық көмек мәселелері бойынша ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарды жүзеге асыру,  облыс тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіп, онкологиялық науқастарды емдеу бағытында қызмет етеді. Жыл сайын 100 мыңнан астам адам сүт безі, жатыр мойны, тік ішек және тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтауға бағытталған скринингтік зерттеулерден өтеді. Одан бөлек, 25 мыңнан астам науқас қабылданып, оларға кеңес беріледі. Тері-венерологиялық көмек көрсету қызметін өз стационары бар 150 келушіге арналған емхана ұсынады. Былтыр 12 айда онда 20 мыңнан астам келушіге қызмет көрсетілді, оның 10 мыңнан астамы жастар мен оқушылар.

Бір атап өтерлігі, аурухана бөлімшелерінің меңгерушілері, онкологиялық, дерма-венерологиялық және перинаталдық орталықтың мамандары Ақмола облысының штаттан тыс бас мамандары болып саналады. Олар облыс аудандарына ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетеді. Санитариялық авиация желісі бойынша аудандарға жоспарлы шығулар жүзеге асырылады.

Алдыңғы жылы аурухана Ұлттық аккредиттеу стандарттарына сәйкестікті сыртқы кешенді бағалауға дайындық бойынша үлкен жұмыс жүргізіп, тексеріс қорытындысы және аккредиттеу комиссиясының шешімі бойынша көпсалалы облыстық ауруханаға 1-санат беріліп, 3 жыл мерзімге аккредиттелді.

Әрине, бізде шешімін күткен көптеген өзекті мәселелер де жоқ емес. Ол – аурухананың материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту, жаңа озық технологияларды енгізу және кадр мәселесін шешу. Сондай-ақ, алдымызға аурухананың одан әрі дамуы үшін 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт»  әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру міндеті, денсаулық сақтау басқармасымен келісілген Меморандум индикаторларын орындау міндеттері тұр.

Көкшетау қаласының Сарыарқа жаңа шағын ауданында 630 төсек-орынға арналған көпсалалы аурухананың  құрылысы жоспарлануда. Жоба белгіленген кестеге сәйкес іске асырылса, бұл аурухана облысымыздың және көрші өңірдің жақын маңдағы аудандарының барлық тұрғындары үшін жоғары технологиялық, мамандандырылған қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ететін болады. Нысанды салудағы басты мақсат елдің солтүстік өңірінде ғылым мен білім беру тәжірибесін сапалы интеграциялай отырып, озық технологияларды пайдалану арқылы зертханалық-диагностикалық зерттеулерден бастап, стационарлық емдеуге дейін ұсынылатын қызметтердің кең спектрі бар, халықаралық деңгейдегі аурухана құру болып табылады. Әрине, жаңа аурухана болғандықтан, заманауи құрал-жабдықтар арқылы материалдық база толықтырылады, соған сәйкес кадрлық әлеуетіміз де нығаяды деп жоспарлап отырмыз.

Жылдағы дәстүрлі Медицина қызметкерлері күні қарсаңында әріптестерімді осынау төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Отбастарыңызға амандық-саулық, береке-бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Нұрлан ЖАРОВ,

Ақмола облыстық

көпсалалы ауруханасының бас дәрігері,

облыстық мәслихаттың депутаты.

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Көкшетауда Жылу электр орталығының құрылысы 2024 жылдың үшінші тоқсанында басталады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының өкілдерімен кездесіп, Көкшетау қаласында салынатын жылу электр орталығының жобасын іске асыру...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img