spot_img
Сейсенбі, Мамыр 21, 2024
9.2 C
Kokshetau

Марат Ахметжанов ақмолалықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, су тасқыны кезінде белсенділік танытқан азаматтарды марапаттады

Сондай-ақ...оқыңыз

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, су тасқыны кезінде белсенділік танытқан төтеншеліктер мен еріктілерді Алғыс хаттармен марапаттады. Көкшетау қаласында су тасқыны салдарынан баспаналары жарамсыз деп танылған екі отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыс етті.   

Ел халқының рухани достығының және бейбітшілік пен келісімнің нышанына айналған айтулы мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осынау татулық пен достықтың мейрамына орай ұйымдастырылған шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Мұратұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті 33 сессиясында айтқан сөзіне тоқталды.

–Мемлекет басшысы сессияда сөйлеген сөзінде Ассамблея ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым екендігін, елімізде орын алған су тасқыны кезінде оның ортақ іске жұмылып, белсенді жұмыс атқарғандығын атап өтті. Оның ішінде біздің ақмолалықтар бар. Бүгінде өңіріміз үшін күрделі кезең аяқталды. Біз елдімекендерді жаппай су басуға жол бермедік, 2,5 мыңға жуық адамды уақытында қауіпсіз аймаққа көшіріп, табиғи апатпен күресуге барлық ресурстарды жұмылдырдық. Көктемгі су тасқыны кезінде облыс бойынша қабылданған шаралардың арқасында 95 елді мекенде 8 мың үй су басу қаупінен аман қалды. Ең бастысы – адамдардың  өмірін сақтап қалдық, –деп атап өтті аймақ басшысы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ешбір азамат  назардан тыс қалмай, мемлекет тарапынан сәйкес қолдау мен көмек көрсетіледі», – деп айтып өткен болатын. Жуырда Көкшетау қаласында баспанасыз қалған алғашқы отбасыларға жаңа пәтер кілттері табысталып, осы бағыттағы жұмыс жалғасын табуда. Сонымен бірге, облыста су апаты болған аймақтарда азаматтарға бір реттік көмек беріліп, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіру бойынша жұмыстар қолға алынып, жүргізілуде. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» акциясы барысында құқық қорғау органдары, әскер, азаматтық қорғаныс қызметкерлері, еріктілер, бизнесмендер, халқым, елім, жерім деп қол ұшын созған аймақ тұрғындары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері мұқтаж жандарға материалдық және гуманитарлық қолдау көрсетті.

–Ақмола Ассамблеясы жанынан зардап шеккен адамдарға көмек жинау штабы ашылып, зардап шеккен аудандар мен қалаларға 250 миллион теңгеге жуық 150 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді. Осы орайда, су тасқыны кезінде бір үйдің баласындай жұмылып, жан-жақты көмек көрсеткен азаматтарға арнайы шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Еліміздің ардақты ақсақалдары да сындарлы сәтте ақыл-кеңестерін айтып, қолдау білдірді. Бұл ретте, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Шарапұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы, Қоғамдық кеңестің төрағасы Ермек Бекенұлы және басқа аға буын өкілдерінің орны ерекше, –дей келе өңір басшысы ақмолалықтарға су тасқыны кезінде танытқан азаматтық ұстанымдары мен қолдаулары үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар, ол өз сөзінде Бұланды ауданының «Балдырған» бөбекжайының тәрбиеленушісі Ағзам Азаматұлын ерекше атап өтті. Ағзам кішкентай балдырған болса да, ел халқымен бірге гуманитарлық көмек көрсетіп жүрген жандардың қатарынан табылыпты.

Шара барысында облыс әкімі су тасқыны кезінде уақытпен санаспай табиғат апатынан халықты құтқаруға белсене қатысқан, қызыл судың алдын алу шараларына жұмылған, апатты жағдай кезінде оған сай әрекет еткен азаматтар мен еріктілерді өз атынан Алғыс хаттармен марапаттап, оларға тауарлық сертификаттар табыс етті. Марапатталғандар арасында Есіл қаласының №23 өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндіру-құтқарушысы Жандос Жексенбаев, Атбасар ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Данияр Аманжолов, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына санавиациямен жетіп, ауыр халдегі жүкті келіншекке қажетті медициналық көмекті лезде көрсетіп, екі шаранасымен бірге аман алып қалған облыстық көпсалалы аурухананың неонтолог-дәрігері Татьяна Шафигина, Ерейментау ауданы №24 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру көліктерінің жүргізушісі Сағыныш Біләлов секілді 40-тан астам төтеншеліктер мен еріктілер қауымы бар.

Сонымен бірге, осы шарада Көкшетау қаласының екі отбасы, атап айтқанда су тасқыны салдарынан үйлері жарамсыз деп танылған Сәрсенбаевтар мен Шиловтарға пәтер кілттер табыс етілді. Осымен Көкшетау қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың 14-і баспаналы болып отыр.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Жарты ғасыр жасаған «Көкшетау» халықтық би ансамблі

 «Көкшетау» халықтық би ансамблінің «Жарты ғасыр жасаған «Көкшетау» атты мерейтойлық концерттік бағдарламасы жоғары деңгейде өтіп, көрерменінің тағы бір мәрте...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img