spot_img
Жұма, Қазан 4, 2024
12.2 C
Kokshetau

Ақмола облысында жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысында жұқпалы ауруларға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Көктемгі су тасқыны кезінде ауызсуды дұрыс пайдаланбау себебінен орын алуы мүмкін инфекциялық жұқпалар тіркелмеген.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.

–Облыста қызылша жұқпасы бойынша зертханалық расталған 701 оқиға тіркелді, олардың 51 пайызы балалар арасында орын алды.  Балалардың індетке шалғуларының басты себебі –жасына байланысты жасалатын жоспарлы екпе алмауынан, –деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Сонымен бірге, облыста қызылшамен бір отбасының бірнеше баласы бірден ауырғаны туралы дерек келтірілді. Атап айтқанда, Астрахан ауданында бір отбасының 8 баласы, Бурабайда 7 бала, Сандықтауда 6 бала, Көкшетау қаласында 4 бала бірден ауырған. Жағдайды зерттеу барысында олардың ата-аналары балаларының жас мөлшері бойынша жоспарлы берілетін вакциналарды алуына қарсы болғанын анықтапты. Қазіргі уақытта алдыңғы айға қарағанда қызылша таралуы бойынша өңірде жағдай 1,8 есеге азайған. Бүгінде емдеу орындарында 24 адам емделуде, олардың 12-сі балалар екен. Ал, амбулаторлық ем қабылдауда 44 адам жүр. Баяндамашының айтуынша, қызылшаға қарсы екпе алу науқаны жалғасуда. Бүгінде облыста екпе алуға тиісті 44 мың тұлғаның 84 пайызға жуығы вакциналанған.

Жалпы, брифинг барысында баяндамашы өңірде басқа да жұқпалы ауруларға қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға кеңінен тоқталып, облыс тұрғындарына балаларының жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті қалыптасуы үшін дер кезінде, жас мөлшеріне байланысты жоспарлы егілетін әрбір вакцинаны қабылдап, одан бас тартпауға шақырды.

БАҚ өкілдері өз кезегінде аталмыш тақырыптан бөлек, тасқын судан кейінгі аумақтардағы эпидемиологиялық ахуал, су басқан аймақтарда қабылданып жатқан санитарлық іс-шаралар, ауызсудың сапасы, білім ордалары мен әлеуметтік нысандардағы ауызсуды тұтыну жайы, залалсыздандыру жұмыстары секілді қазіргі орын алып отырған өзекті мәселелерді қозғады.

–Ауызсу сапасының дұрыс болмауынан пайда болатын Гепатит, ішек аурулары бойынша топан су басқан елдімекендерде эпидемиологиялық ахуал тұрақты, ешқандай індет түрлері анықталған жоқ. Сәуір айында сары аурумен 3 адам тіркелді, бірақ олардың жағдайларына үңілсек, тасқын суға еш қатысы жоқ. Астрахан ауданында бір отбасында 3 бала сары ауруға шалдығыпты. Санитарлық қызметкерлер зерттей келе, бұл отбасы вакцина алу шараларына түбегейлі қарсы екен. Бұған дейін аталған жанұяның балалары қызылшамен ауырып, жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыпты, сонда емделу барысында гепатитті жұқтырған, –дей келе Айнагүл Советқызы ауыз суды дұрыс тұтынудың жолдарын түсіндіріп, қазіргі уақытта ауызсуды тек қайнатып ішу қажеттігін ескертті. Сонымен бірге, білім ордалары мен әлеуметтік нысандара ауызсуды пайдалану бойынша нұсқаулықтар жіберіліп, ондағы судың сапасына мониторинг жүргізіліп отыратынын айтты.

–Залалсыздандыру жұмыстарына келсек, суы қайтып, кебе бастаған аумақтарда ғана тиісті шаралар басталды. Ал, ылғалы басым елді мекендерде әзірге мұндай шараларды бастаудың пайдасы бола қоймас. Жалпы, тасқын су кезіндегі және одан кейінгі санитарлық жұмыстар біздің қызметтің бақылауында, тиісті деңгейде жүргізіледі, –деп облыстың  бас мемлекеттік санитарлық дәрігері алдағы уақытта осы мәселе бойынша қосымша брифинг өткізетінін мәлімдеді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Президент ұсынған реформалар жергілікті басқарудың сапасын арттырады – Дастан Әкімов

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img