spot_img
Жексенбі, Мамыр 5, 2024
6.2 C
Kokshetau

«Шаңғымен ауылға!» жобасы шеңберінде спорт мектептеріне шаңғылар таратылды

Сондай-ақ...оқыңыз

Көкшетау қаласындағы «Динамо» шаңғы базасында облыс әкімі Марат Ахметжановтың  қатысып, құттықтауымен Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасын қолдау мақсатында шаңғы жарысының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл спорттық шараға Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бұланды, Жарқайың, Зеренді, Ерейментау, Сандықтау аудандарынан 172 спортшы қатысты. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлуде. Ақмола облысында да спорттық инфрақұрылымды дамыту үшін тиісті жағдай жасалып отыр. Өңір спортшылары әрдайым қысқы спорт түрлерінен жақсы нәтижелер көрсетуімен және аға ұрпақ дәстүрлеріне берік болуымен танымал. Бүгінгі спорттық іс-шара да Оңтүстік Кореядағы IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып жатқан жас отандастарымызды қолдау мақсатында өткізілуде. Облыс әкімі Марат Ахметжанов өзінің құттықтау сөзінде жарысқа қатысушыларды спорт додасының ашылу салтанатымен құттықтай келе, сондай-ақ, «Қазақстан Халқына» қорына өңір спортының дамуына  қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

         

−Облыстың Щучинск қаласында әлемдік деңгейдегі заманауи шаңғы базасы, облыс орталығында мұз айдыны бар спорт сарайы, сондай-ақ, аудандарда да 11 шаңғы базасы жұмыс істейді. Біздің өңірдің қысқы спорт түрлерінен  үздік  нәтижелер көрсетумен танымал екендігі барлықтарыңызға мәлім.  Сондықтан, біз осы үрдісті одан әрі де жандандыра түсеміз. Сондай-ақ, бүгінде өзара әріптестік аясында  шаңғы жабдықтарын сатып алуға 70 миллионнан астам  қаражат бөлген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Бидахметұлы Жәмішевке біздің бастамаларымызға қолдау көрсеткені үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Аталмыш қордың қолдауымен бізге 800 дана заманауи шаңғылар берілді. Соны  біз балалар үйірмелеріне таратып отырмыз. Болашақта да бірлесіп іске асыратын көптеген жобаларымыз бар,−деді  өз сөзінде өңір басшысы.

Қазақстан халқы ежелден спортқа бейім. Намысты қолдан бермеу  қашаннан халықтың қанына сіңген қасиет. Осының барлығын отандық спорттың халықаралық деңгейдегі жарқын жетістіктері мен жоғары көрсеткіштерінен байқауға болады.   Соның ішінде Ақмола облысында да спорттық жолынан  үлгі алатын даңқты спортшылар баршылық.

Олардың қатарында шаңғыдан тәуелсіз Қазақстанның бірінші Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионаттарының, Азия ойындарының және Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері Владимир Смирнов, сондай-ақ, Олимпиада ойындарының, Әлем чемпионатының және Әлем кубогы кезеңдерінің күміс жүлдегері  Владимир Сахнов пен Николай Чеботьконың есімдері әрқашан зор құрметпен аталады. Ел спортының болашағы да осындай дарынды, патриоттық сезімі мықты тұлғалардың арқасында жарқын деп білеміз.

Салтанатты іс-шарада «Қазақстан халқына»  қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева да құттықтау сөз сөйледі.

−Біздің қор тек спорт саласына ғана емес, денсаулық және  білім салаларына  да көп көңіл бөледі және қолдау көрсетеді. Бүгінгі іс-шараға қатысушылардың бойындағы жалын жігерді көріп, қуанып қалдым. Осындай лайықты ізбасарлар барда еліміздің болашағы мықты болатынына сенімдімін. Спортшыларымызға жарыс жолында тек сәттілік тілеймін. Байрақты бәсекелерде ел намысын әрдайым жоғары ұстап беріңіздер, − деді ол.

Шара соңында Марат Ахметжанов аудандық балалар мен жасөспірімдер  спорт мектептерінің басшылары мен жетекші спортшыларына  «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорымен ынтымақтастық шеңберінде сыйға тартылып отырған шаңғы жабдықтары мен сертификаттар  табыс етті. Сондай-ақ, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Марапаттау рәсімінен  кейін төрешілер орындарына жайғасып,  спортшылар жарысқа дайындыққа кірісті. Алғашқы стартты облыс әкімі  берді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғындары электр энергиясының алыуында үнемдейді

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті елорда маңындағы Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылы,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img