spot_img
Сенбі, Шілде 27, 2024
14.7 C
Kokshetau

Көкшетауда «Шахмат керуені» өтті

Сондай-ақ...оқыңыз

Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік орталық алаңында «Шахмат керуенінің» келуіне орай салтанатты шара өтті.

Ақмола облысы – «Шахмат керуені» республикалық жобасы барған алғашқы қала. Жобаның идеясына саудамен қатар дүние жүзіндегі түрлі халықтардың мәдени және спорттық мұрасын алып келген Ұлы Жібек жолы шабыт берген.

«Шахмат – тек спорт түрі емес, бүкіл ұлттың интеллектуалдық әлеуетін дамытушы құрал. Он жылдан аса уақыт ішінде осы салада үлкен жетістіктерге жеттік. Әсіресе былтыр біз үшін ерекше жыл болды. Федерациямызға жаңа серіктес ретінде келген Freedom Broker шахмат қозғалысының дамуына тың серпін әкелді. Шахмат тәжі үшін матч, әлем және Азия чемпионатының барлығы Қазақстанда өтті. Ал кеше ғана қыздарымыз Польшадағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Шахматтың аймақтық деңгейде де қарқынды дамып келе жатқанына қуанамыз. Осы тұста біз қоғам, бизнес және жергілікті билік тарапынан қолдауды сезініп отырмыз», – деді өз сөзінде Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.

Федерация өзінің бас серіктесі Freedom Broker компаниясының қолдауымен Қазақстанның барлық аймағында шахмат спортын нығайтуды көздейді.
Керуеннің келуі аясында Ақмола облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды. Оны Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов басқарады. Ал облыстық филиалдың атқарушы директоры Серікбай Темірбаев болды.

«Биылғы қыркүйектен бастап мектептерде шахматтан факультатив сабақтары енгізілді. Елімізде бұл спорт түрімен 200 мың адам айналысады. Ал олардың төрттен бірі –балалар. Ақмола облысындағы 353 үйірмеде жеті мыңнан астам бала шахмат ойнайды. Алғашқы сапарында Көкшетауға келген ауқымды жобаның басталуымен баршаңызды құттықтаймын», – деді салтанатты шарада Қазақстан шахмат федерациясының Ақмола облысы филиалының төрағасы Бейбіт Жүсіпов.

«Шахмат керуені» ҚШФ логотипі бар жаңа фирмалық автобуспен 19 аймақты аралап шығады. Керуеннің фирмалық стиліне айналған көне «Мүйіз» ою-өрнегі береке мен молшылықты бейнелейді. Ол шахматтағы маңызды фигура, қазақ мәдениетіндегі тектіліктің символы – жылқы бейнесімен үйлесім тапқан.
Алаңға арнайы мобильді киіз үй орнатылды. Бұл жылжымалы ойын бөлмесінде жылдам шахмат турнирі («Шахмат керуені» турнирінің жартылай финалы) ұйымдастырылды. Оған 48 адам қатысты.
Турнирдің 42 жастағы қатысушысы Руслан Мұхамеджанов облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды. Құрылыс саласында еңбек етіп жүрген ол шахматпен 20 жылдай айналысқан екен. Солайша Руслан 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алды. Ол финалға облыстық турнир жүлдегерлері Асан Жаныбаев пен Жанбота Қамарова да қатысады.

Қазақстан шахмат федерациясы және Қазақстан Республикасындағы шахмат спорты туралы анықтамалық ақпарат

Қазақстан шахмат федерациясы тұңғыш рет 1992 жылы құрылған. Оның бірінші басшысы ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды.

Соңғы он жылда қазақ шахматы қарқынды дамып келеді. Атап айтсақ, балалар, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында отандастарымыз 100-ден астам медаль жеңіп алды. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева сияқты гроссмейстерлер әлемдік шахмат элиталарының қатарында.

Былтыр желтоқсанда Алматыда өткен әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева блицтан Қазақстанға алтын әкелсе, Динара Сәдуақасова жылдам шахматтан вице-чемпион атанды.

Биылғы сәуір айында Астанада шахмат тәжі үшін болған үлкен матчта 17-ші әлем чемпионы анықталды. Осынау тарихи оқиғадан кейін Ақтау қаласында 53 елден 400-ден астам шахматшы келіп қатысқан World Schools Team Championship өтті.
Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар. Онда 253 мыңнан астам адам интеллектуалды спорт түрін меңгеріп жатыр.

2023 жылғы шілдеде Үкімет Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында бес жылда бастауыш сыныптағы балалардың 20 пайызы «Шахмат негіздері» таңдау пәнімен қамтылмақ.

Қазақстан шахмат федерациясының бас серіктесі Freedom Broker атап өткендей: «Шахмат – жай ойын емес, ол адамды жоспарлау мен талдауға үйретіп, төзімділік пен шыдамдылыққа тәрбиелейтін ақыл-ой жаттығуы. Біз Қазақстан шахмат федерациясына қолдау көрсету арқылы елдің экономикалық дамуы мен жастардың болашағына және стратегиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға инвестиция салып жатқанымызға сенімдіміз».

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Құрылыс басындағы әр сәтті тиімді пайдалану керек

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Бұланды ауданына барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа тұрғын үйлердің...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img