spot_img
Жұма, Мамыр 3, 2024
4.1 C
Kokshetau

Жеті жыл бойы салынып келе жатқан мектеп құрылысы қашан аяқталады?

Сондай-ақ...оқыңыз

Жетінші жыл Көкшетау қаласының шағын аудандарының біріндегі мектеп құрылысы аяқталмай отыр. Оқу-тәрбие кешенін салу 2016 жылы басталып, бір жарым жылдан кейін ашылуы қажет еді. Бірақ құрылыс бірнеше жылға созылды және оның нақты аяқталу мерзімі әлі де белгісіз. Бұл туралы құрылыс басқармасының басшысының орынбасарынан сұрап білдік.

Бірнеше жыл бұрын жергілікті тұрғындар Көкшетаудың шетінде жаңа мектеп салынады деген жаңалыққа қуанған болатын. Енді олар оның аяқталуын тағатсыздана күтуде. Әсіресе, соңғы жылдары шағын аудан тұрғындары көбейіп, оқушылар саны артқан шақта баланы алыстағы мектепке тасу қиынға соғып отыр. Қазір мыңға жуық бала білім алу үшін қаланың басқа аудандарына немесе қала маңындағы Красный Яр ауылына баруға мәжбүр.

 «Қаладағы мектепке жету үшін 30-40 минут уақыт қажет, кейде біз тіпті сабаққа үлгермей жатамыз. Автобустар мүлде тоқтамайтын да уақыттар болады, өйткені олардың іші лық толы кетеді. Келесі автобусты күтуге мәжбүр боламыз. Біздің өзіміздің шағын аудандағы жаңа мектепке барғымыз келеді. Бірақ ол тым ұзақ уақыт салынып жатыр»,-деді мектеп оқушысы Алданияз Балташев.

Бұл жағдайға ата-аналар қауымы да базынасын білдірді.

 «Мектепті 6-7 жыл бойы қалай салып бітіруге болмайды?! Біз күтіп жүрміз. Менің қызым бар, 1 мектепке барады, біз оны күн сайын апарып, алып келіп отырамыз. Ол дүниеге келгенде осы мектептің құрылысы басталған болатын. Осы мектепке береміз деп қуанған едік. Өкінішті әрине…»,- дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Динара Татина.

Жергілікті тұрғындарының қала басшылығына өкпесі қара қазандай. Соңғы үш жылда олар жергілікті әкімдіктердің табалдырығын тоздырып, облыс басшылығына бірнеше рет хат жолдаған. Ондағылар мектепті жақын арада тапсырамыз деп құрғақ уәдемен шығарып салады. Алайда, аталмыш білім ордасының жақын арада құрылысы аяқталар түрі жоқ.

 «Осы мәселені талай рет айтып, әкімдікке жеткіздік. Ақсақалдар да мектеп құрылысы мәселесін көтерді. Сол кезде қала басшылығы былтырғы жылдың желтоқсан айын соңғы мерзім деп белгіледі. Бірақ ол да уәдесінде тұрмады», – деді Көкшетау қаласының тұрғыны Роза Исмағанбетова.

Бұл мектептің құрылысы шенеуніктер үшін де нағыз бас ауруына айналды десек артық айтқанымыз емес. Мамандар түсіндіргендей, мердігер ұйымда жобаның дұрыс дамымауына байланысты мектептің іргетасын қалау кезінде проблемалар басталған. Содан кейін құрылыс материалдары мен жабдықтарының күрт қымбаттағаны тағы бар. Сондықтан мектеп құрылысы жобасына бірнеше рет түзетулер еңгізілген.

 «Мердігердің іргетасты ауыстырғанына байланысты 107 миллион теңге көлемінде шығынға жол берілді. Ал бүгінде ол тапсырыс берушіге, құрылыс басқармасына талап арыз берді. Біз тапсырыс беруші болғандықтан, ол бізді осы актіге қол қою және оған 107 миллион теңге төлеу үшін мәжбүрлеу туралы сотқа берді. Яғни, бұл тұста айтарлықтай  қаржылық мәселелер бар. Келесі жылы нысанды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мердігер жұмысты аяқтауға кепілдік берді»,- деп түсіндірді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Рауан Оспанов.

Қазір мектеп құрылысы жұмыстарының 90%-ы орындалды. Дегенмен, шенеуніктер мен мердігерлер арасындағы сот әлі де жалғасуда. Жергілікті билік сендіргендей, мектеп келесі оқу жылына дейін есігін айқара ашады. Бірақ тұрғындар бұған қатты күмәнданып, уәделеріне сенбей отыр.

Камила Әбделманова

Фото автордыкі

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«ХАЛЫҚТЫҢ ЖАЙЛЫ ТҰРМЫСЫ ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАР ЖАСАЛАДЫ!»

Жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды. Бұл қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img