spot_img
Жұма, Наурыз 29, 2024
1.2 C
Kokshetau

Тарихты өрнектеген көкшетаулық қолөнер шебері

Сондай-ақ...оқыңыз

Көкшетаулық қолөнер шебері Үкіжан Ементаева сексеннің сеңгіріне серкірген шағында да ісмерлігі мен қолының икемінен айрылмаған екен. Қазақ халқының ғана емес барша түркі халықтарының тарихын зерттеп қана қоймай, оны матаға кестелеп тіккенге бейім. Бұл істі ерекше қызығушылықпен және сүйіспеншілікпен жасайтын ол, туындыларымды сатпаймын, тек ілтипатпен сыйға тартамын дейді.

«Өнерге өзім тосыннан келдім. Ең алғаш 30 жасымда қайын енемнің портретін қарындашпен салдым. Кейіннен майлы бояулармен сурет сала бастадым. Жас кезімнен аналарым құрақ тіккенде, жандарында отырып, сол өнер менің де бойыма сіңсе керек. Кейіннен тігу өнеріне көштім. Қазір тарихтың, ежелгі карталардың барлығы ғаламторда қаптап жүреді. Ал біздің кезде бұндай мүмкіндік болмады. Әр картаны салу үшін мұқият зерттеу жүргізіп, іздену қажет болатын»,- дейді Үкіжан Қалиақпарқызы.

Айта кетейік, Үкіжан Ементаева белгілі журналист Маман Ементаевтің асыл жары. Бүгінде 4 баланың анасы, 9 немере мен 1 шөберенің аяулы әжесі атанып отырған ол өскелең ұрпақ бойына елдің тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті дарыту аса маңызды дейді. Ал елге деген құрмет тарихтан басталады емес пе? Осылайша кейіпкеріміз өнер жолын ою-өрнектерден бастап, тарихтың таңсық тұстарын мата беттеріне өрнектей бастаған. Қолдың шеберлігі мен парасат биіктігі ұштасқан тұста шыққан туындыладың кереметтігіне көзің тоймайды. Үкіжан Қалиақпарқызының әр туындысының өзіндік терең мәні бар. Мысал үшін «Тұран» жазуының үстіндегі ағашта түркі халықтарының таралу шежіресі бейнеленген. Оғыз,Қыпшақ, Қарлұқ, Чуваш, Сібір тайпаларынан тараған халық атаулары көрсетілген. Тағы бір жұмыстарында сақ тайпаларының мекендеген жерлері, я болмаса, Ұлы жібек жолы картасы, ежелгі аң стилі үлгілері, түрік тілінің шығу тарихы сыңды деректер бейнеленген. Әр еңбегінің тереңде жатқан мәні мен мағынасы бар. Өкініштісі осындай еңбек пен ізденуге бүгінгі жастарда ынта мен қызығушылық аз деп қаймықты қолөнер шебері.

«Мен көп кітаптарды іздеп жүріп, сатып алып, қайта оқимын. Қазақстанның ежелгі тарихына ғана қызығушылық танытпаймын. Біз оқып жүрген кезімізде Тарих бойынша тек конгресстерді, патшалар мен Батыс саясатын зерттедік. Біз өз тарихымызды шындығын айтқанда білмедік. Мен әрқашан ол туралы мүмкіндігінше көп білгім келді, іздендім, зерттедім. Бүгінгі жастардың дені бұндай дүниеге аса қызықпайды десем де болады»,-дейді Үкіжан Ементаева.

Тарихқа деген қызығушылығы мен ізденісі, ашқан жаңашылдықтары мен зерттеулері негізінде «Собирая тюрские камешки» кітабы басылып шықты. Бұл кітап қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие, өйткені түркі халықтарының шығу тегі мен тарихы және олардың мәдениеті ең аз зерттелген тақырыптардың бірі. Үкіжан Қалиақпарқызының кітабы бірнеше тараудан тұрады. «Түркі малтатастарын жинау» атты бірінші тарауда автор Арийлерден бастап Қыпшақ хандығына дейінгі түркі халықтарының, барлық мемлекеттердің қысқаша тарихын қамтыды. Түркі тілдес тайпалар бірігіп, соя құрды, соғысып, жаңа жерлерді жаулап алды, олардың ғасырлар бойғы тарихында Аттила державасы, Ұлы түркі қағанаттары, Алтын Орда, Осман империясы және т. б. сияқты қуатты және күшті империялардың құрылғандығы туралы қысқа да нұсқа баяндалған.

«1998 жылы мен кенепте (полотно) Қазақстанның тарихын бейнелей бастадым. Содан кейін мен халық тарихын жазуға, сурет салуға және ою-өрнектер, кестелер, қосымшалар арқылы біліммен бөлісуге болатындығын түсіндім. Жоғарыда аталған туындыларымнан кейін ежелгі және ортағасырлық түркі мемлекеттерінің шекаралары кестелене бастады. Ою-өрнектер арқылы түркі халықтарының дүниетанымы, олардың мәдениеті, дәстүрлері бейнеленген»,-деген екен кітаптың кіріспесінде автор.

Үкіжан апайдың пайымдауынша, көптеген дала халықтарын, тілдерін, әдет-ғұрыптарын біріктірген түркі мәдениеті тек Орталық Азия елдері  ғана емес, бүкіл әлем халықтары білуі қажет тарихи мұра. Тілдер мен халықтардың, олардың мәдениеттерінің синтезі бүгінгі күнге дейін сақталған адами және мәдени көзқарастың дамуына әкелді.
Заман көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан шақта, рухани байлық пен елдің тарихы мен өнеріне деген құрмет көлеңкеде қалмаса деген үміт әр патриоттың бойында. Ол үшін Үкіжан Қалиақпарқызы сынды біртуар талантты да, парасатты жандардан үлгі ала білуіміз қажет.

 

Камила Әбделманова

Фотолар автордыкі

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Қылшақты өзені арнасынан асып, маңайындағы үйлер суда қалды

Ағымдағы жылдың 28 наурызында Көкшетау қаласының Қылшақты өзені дала суларының жиналуына байланысты арнасынан  асып, қызыл су маңайындағы жеке үйлерге...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img