spot_img
Жұма, Сәуір 26, 2024
4.2 C
Kokshetau

Ақмолалық Әсем Жанәділова Африкада күміс жүлдені олжалады

Сондай-ақ...оқыңыз

 Тағдыр тәлкегіне дес бермей, басқа түскен ауыртпалықты кәтепті қара нардай көтере білген, бойындағы бар қажыр-қайратын сарқа жұмсап, алға ұмтылған Әсем Жанәділова әлемдік деңгейдегі сайысқа қатысу үшін Африкаға аттанып барады.

Алыс сапарға шыққанда кір жуып, кіндік кескен шоқ жұлдыздай шағын ғана Тассуаттың көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып жүретіні бар. Күш  береді, қуат дарытады. Алапат сағыныш жан дүниесін меңдеген сайын алып-ұшып асығатыны бар. Туған жер деген ыстық қой, шіркін! Осы ауылда туып-өсті, балауса арманы да бүр жарды. Балаң көңіл қашанда шетсіз, шексіз қиялшыл еді. Бірақ, спортшы боламын деп әсте ойлаған жоқ.

Бәрі 2017 жылы басталған. Сол жылы зәуі бір себеппен аяғынан айрылып қалғаны. Отадан кейін бар дүние күңгірт тартып, болашақта күдер үзгендей болғанын да жасыра алмайды. Күндердің бір күнінде тіршіліктің арнасын өзгерткісі келген. Қос қақпаның арасынан жол таппай, абдырап қалған ару бұл өмірдің күрес екенін ұққан. Қиындықпен күресе білгендер ғана жұлдызын жандырмақ. Ендеше, боркемік болған дұрыс емес. Сөйтіп, спортпен айналыса бастады.

Онда да ядро, найза, диск лақтырумен. Әлгі заттарды лақтырғанда, иығынан басқан, тұла бойын жаныштап жерге тығып жібергісі келіп тұрған тіршіліктің тауқыметімен. Бойына бар күшін жинап, серіппедей шиырылып лақтырғанда, құтты бір найзаны емес, өмірдің қиындығын, пешенесіне жазылған сынақтың салмағын лақтырғандай өршеленетін. Аз уақыттың ішінде әдіс-тәсілін меңгеріп алды. Табиғат сыйлаған қуат та арнасынан асып-тасып жатқандай.

–Өмірде не болмайды?! – дейді Әсем Жанәділова, – адам ешқашан қиындыққа мойынсұнып, үнжырғасы түспеуі керек. Біз мынау жарқын өмірден сыбағамызды күресіп жүріп аламыз. Жалпы, тағдыр өр мінезді, қайсар адамдарды ұнатады. Ал, спорт жігеріңді жанитын, өмірге деген құштарлығыңды арттыратын, тұла бойыңа шымшымдап күш-қуат дарытатын айрықша өнер. Осы спорттың арқасында дәм бұйырған талай жерге барып, жарыстарға қатысып жүрмін. Еш кемдігі жоқ. Тіпті бойымдағы өкініш тарап, өзім тәрізді адамдарды ештеңеден түңілмеуге, қайта қайраттануға шақырып жүремін.

Алғашқы айлар қиын өткен. Дегенмен, үміт лебі, көкіректегі әдемі арман бәрін жеңеді екен. Облыстық жарыстарда жүлдеге ие болып жүрді. Облыстық «Үміт» спартакиадасында топ жарды. Атырау қаласында өткен жарыста ядро лақтырудан бірінші, диск лақтырудан бірінші, найза лақтырудан екінші орынға ие болып, спорт шебері атанды. Үстіміздегі жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық жарыста тағы да топ жарғанында жаттықтырушысы Данияр Бектемісовтің қуанышында шек болған жоқ.

Енді міне, Африканың Марокко қаласында өтетін әлемдік жарысқа аттанып барады. Үйінде қалған ұлы мен қызына аздап алаңдағаны болмаса, көңілде еш күдік жоқ. Қос перзентін таңғы шықтай мөлдіреген аналық ақ махаббатымен аялап, Жақсының жалпақ даласында көктемде өсетін қызғалдақтай құлпыртып, өсіріп келеді. Олардың бойына да еменнің иір бұтағындай қайсарлық дәнін сіңіруде.

–Алдын кім болжап білген? – дейді кейіпкеріміз, – баяғыда Тассуаттағы аталарымыз бен әжелерміз «келер күннен күдеріңді үзбе» деп ақылдарын айтып отыратын. Дархан даланың данышпаны – сол адамдардың жол сілтеуімен өстік емес пе? Енді біз де кейінгіге өмірден түйгенімізді айтамыз. Айту аз, өз ісіңмен өнеге болған жөн. Өз басым осындай жарыстарда жеңіске жеткен сайын өмірден баз кешкендерге жеке мысалым арқылы үлгі болсам деймін.

Тал бойында жарқын өмірдің жасампаз шағына деген құштарлық оты лаулап тұрған ару алыс сапарға аттанып бара жатқанда тілдесіп үлгердік. Жалауың желбіреп, жеңіспен оралуға жазғай!

 

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Мемлекет басшысы: біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы

  «Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img