spot_img
Жексенбі, Қазан 13, 2024
-7.8 C
Kokshetau

Азаттық архитекторы

Сондай-ақ...оқыңыз

Биыл еліміз үшін ең қастерлі құндылық – егемендігіміздің еңсе тіктеген елеулі отыз жылына қадам бастық. Бүкіл адамзат алаңдап отырған ауыр ахуалға, планеталық пандемияға қарамастан, тұғырлы тәуелсіздігіміздің торқалы тойын өз дәрежесінде мерекелеуіміз керек, хабарлайды egemen.kz.

Себебі Ұлы дала төсін мыңдаған жылдар бойы мекен еткен көшпелі көк түріктердің асыл ұрпақтары үшін бостандықтан артық бағалы ұғым жоқ, егемендіктен ерекше сый болған емес. Тарлан тарихқа терең үңілетін болсақ, бұл алтын Азаттыққа алты Алаш баласының қолы бір күнде жете салмады. Қазақ ұлысының қабырғалы ел болуы жолында қаншама қайраткер тұлғалар осы бостандық үшін бастарын бәйгеге тіге жүріп, бүгінгі бақуатты Қазақстанның бақанын тіктеді. Кемеңгер бабалардың кемел жолын ұстана жүріп кең-байтақ территориямыздың шекарасы шегенделді. Қос құлаш қастерлі Көк туымыз биік желбіреп рухымызды оятты, асқақ шырқалған Әнұранымыз шерлі шежіремізді баян етті.

Қазақта «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің, Уайым түбі тұңғиық батасың да кетесің» деген тамаша мақал бар. Шын мәнінде тәуелсіздік деген тәтті ұғымның ар жағында үнемі тәуекел деген тәбәрік сөз тұрады. Ер-азамат қашанда тәуекелшіл болғаны дұрыс. Есімі әлемге әйгілі америкалық психолог Дейл Карнеги – тәуекелге бару туралы көп айтқан тұлға. Алайда ол да осы қазақ атамыздың қағидасын қайталайды: «Алысқа баратын адам – тәуекелшіл болуы керек. Тәуекелге бара алмайтын адам бүтін қайықпен де батып кетеді», дейді. Ойлап қарасақ, шынымен де сын сағаттарында шешуші сөзді тәуекелге бермесек, тәуір жетістіктерге жете қоюымыз екіталай. Жалпы, тағдыршешті тар уақыттарда шұғыл шешім қабылдау –  үлкен тәртіпті талап етеді. Ішкі тірегің тастай болмай тәуекелге бару – аждаһаның аузына алдаспансыз жалаң қолмен жүгіргенмен бірдей. Ал енді ел тағдырына қатысты тарихи тәуекелдер – тіпті үлкен жауапкершілік.

Жалпы, түрлі тәуекелдерге бару тура­лы айтқанда, көбіне көшбасшы тұл­ға­лар ерекше еске түседі. Олардың ішінде және еліміздің Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұратыны сөзсіз ақиқат. Қазақ ұлысының қайта қуатты елге айналуы жолында тегеурінді тәуекел қадамдарға дұрыс бара білген басшы ретінде Елбасының сарабдал сұңғыла саясаты – жалғыз бізге емес, басқа да сырт мемлекеттерге үлгі-өнеге.

Жуырда естіген есті сөздің бірі – Марк Твен айтты деген мына бір тәмсіл. «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотереяда піл ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек», депті жазушы. Шынымен де тәуелсіздіктің атан көтере алмас ауыр жауапкершілігін осылай айтпаса, басқаша бейнелеу мүмкін емес сияқты. Түсінікті тілмен айтқанда, тәуелсіздікке қол жеткізуден гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл не деген сөзді білдіреді? Яғни тәуелсіздік деген ұғым біздің қалай болса солай еркін кетуіміз дегенді білдірмейді. Қайта неғұрлым еркін болған сайын соғұрлым жинақы болуымыз керек. Бұл ретте ел тізгінін ең бір қиын кезеңдерде қолына алған қайраткер тұлға, көреген көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлының әлемге әйгілі саясаткерлік сипаты бізді үнемі жинақылыққа шақырып тұрады.

Елбасының ең үлкен тәуекелдерінің бірі – әлемдегі қуаты тұрғысынан 4-ші ядролық қарудан бас тартуы болды. 1991 жылы Елбасының арнайы Жарлығымен еліміздегі Семей полигоны жабылғаны белгілі. Былай алып қарағанда, бұл жерден ешқандай тәуекел көрмейтіндер де болуы мүмкін. Алайда білгір басшы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев қуатты қарудан бас тарту арқылы беделіміз артатынын сол кездің өзінде әріден аңдады. Шынымен де, бүгінгі майдан – атом қаруының соғысы емес, ақылдың соғысы екенін жүйрік уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сол кезең тұрғысынан алып қарағанда, әрине, жан-жағында анталаған жауы көп жас мемлекеттің қолындағы қаруын тастай салуынан үлкен қателік жоқ сияқты көрінеді. Бірақ біз айтып отырған нағыз тәуекел осындай қадамдардан тұратындай. Қатерлі қарудың екі ұшы барын ерек сезінген  Елбасы ерте түсінді дер едік. Ұлттың қауіпсіздігін жаппай қырып-жоятын қарусыз-ақ сақтауға болатынын сан қырлы саясаткер ой елегінен  он қабат өткізіп барып өз шешімін жариялады. Бұл – замана тынысын тап басқан зор көрегендік, келешекке деген нық қадамның нәтижесі. Оны Ресей Федерациясының президенті Вла­димир Путиннің өзі «Нұрсұлтан Әбішұ­лы – саясатта көптен, Кеңес дәуірі­нен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғал­дыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бү­гін­гі әлемді дөп басып сезіне алатын қа­сиет оған қайдан дарыған?..» деп таңғала мойындайды. Тәуелсіз жас Қазақстанның сол кездегі ең үлкен тәуекелі туралы АҚШ Президенті болған Барак Обама да: «Президент Назарбаев – ядролық қаруларды таратпау мәселелерінде әлем­дегі үлгі тұтар көшбасшылардың бірі. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айналдыруға мүмкіндік берді», деп шын бағасын берді.

Ширек ғасырдан астам ел билігінде болған Елбасы жүріп өткен жолда тәуекелмен бетпе-бет келген оқиға­лар жалғыз бұл емес. Ертістен Еділге, Алатаудан Арқаға созылып жатқан са­йын даламыздың саяси картадағы заңды орнын белгілеуде де тәуекелге бармай ешқандай іс бітпеген болар еді. Шекара шебімізді шебер мәмілегерлікпен бекітуде сол кезеңдегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекелшіл  қимыл­дары әлемдік саясаттағы небір ірі тұл­ғалармен ірге суытыспай-ақ істі ілгері­летуге болатынын көрсетіп берді. Бай­тағымыз бүтін, байрағымыз биік еңселі ел болуымызда осынау тәуекел тарихи қадамдар бізді жаңа дәуірге, жарқын болашаққа бастап берді.

Елбасының қапталында жүрген қайраткер тұлғалардың көбі байтақ территориямызды байыпты шегендеу­де Елбасы ұстанған ұтқыр қадамдар жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болуы керектігін айтады. Мәселен, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов шекарамызды делимитациялау кезінде шекараны межелеу жөніндегі тиісті комиссияны басқарып тұрғандығын айта келіп, Қытай Халық Республикасының сол кездегі басшысы Цзян Цземиньмен өткен аса бір маңызды кездесуді әңгімелейді. «Цзян Цземинь бізге қарап: «Мен делимитация шартына тек Нұрсұлтан Назарбаевқа деген өзімнің жеке құрметім үшін ғана қол қоямын. Егер сіздер өз тараптарыңыздан, яғни қазақ тарапынан делимитация процесін жылдамдатпасаңыздар, мұндай мүмкіндікті ендігәрі ешқашан ала алмайсыздар», деп қадап айтты», дейді Д.Ахметов.

Бұл да Елбасының тар жолдан тәуекелмен талас-тартыссыз өткендігін көрсетеді. Қытаймен арадағы шекараны ертерек бекітуді Елбасы бұл жерде таза тәуекелге салып тұрғанын байқау қиын емес. Өзінің сая­си сахнадағы беделіне сенгендіктен ғана сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап келген байсынды қуатты елдің қолынан қалам ұшымен тәуекелдеп бекітті.

Сол батыл бастамалардың, табанды тәуекелдердің жемістері жыл өткен сайын өз нәтижесін өнімді беріп келеді. Шекараның ың-шыңсыз ымырамен бекітілгенінің арқасы болар, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев елдеріміздің достығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді», деп ерекше ықыласпен Елбасын құрметтей сөйлейді.

Тұңғыш Президентіміздің тағы бір тәуекелге баруына Байқоңырды солтүстіктегі көршімізден қорғап қалған оқиғасы себеп болады. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Нұр мен көлеңке» атты еңбегінде ашық жазады. «Мәскеуде өткен келіссөздер барысында Нұрсұлтан Әбішұлы мен Борис Николаевич Байқоңырдың Қазақстан меншігінде қалатыны, бірақ Ресей оны жалға алу шартымен пайдаланатыны жөнінде принципті тұрғыда уағдаласты» деп басталатын мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы Борис Николаевичтің қолына Байқоңырды тегін ұстата салмай, оны жалға алудағы қаражатты қалай келістіргені қызық баяндалады. Ұзақ тәжікеден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жалдау ақысын 100 млн доллар деңгейінде белгілейік, бұған қоса 15 млн доллар достығымыз үшін болсын», депті. Ешқайда бұлтара алмаған Борис Николаевич келісуге мәжбүр болыпты. Біле білген адамға бұл да үлкен тәуекелді тәжіке. Ресейдей алып империяның алақанынан Байқоңырдай бай қонысты аман алып қалу үшін қандай саясат ұстану керектігін Қасым-Жомарт Кемелұлы келісті жазады.

Н.Назарбаев өзі де: «Мен елімнің тәуекеліне сенемін!»  деп көп айтады. Бірыңғай тәуекелге бел буған адам ғана белеске шығады, биіктерді бағындырады. Елдің экономикалық әл-ауқаты әлі қалпына келмей тұрған алмағайып кездің өзінде Алатау бөктеріндегі қазақ астанасын тік көтеріп қырға көшіру, салқар көштің бетін Сарыарқаға бұру ерлікпен пара-пар нағыз тәуекел шешім болатын.

Біз сол кезде атом қаруынан бас тартып, Алаш астанасын татулық алаңына айналдырмағанда, кейін атқарылған кемел істердің бәрі бүгінде кері кеткен болар еді.

Тәуекел қадамдардың қатарына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын да қосқымыз келеді. Ондағы латын қарпіне көшудің қандай тәуекел тетік екенін бәріміз жақсы білуге тиіспіз. Сырт көзге әлі қабырғамыз қатып, бұғанамыз толық беки қоймаған жас мемлекеттің алфавит ауыстыруы – көпірде ат ауыстырғанмен бірдей күлкілі көрінуі мүмкін. Алайда бұндай тәуекелге бүгін бармасақ – ертеңгі ұрпақтың елдігіне көлеңке көп түсетінін Елбасы бұрын сезді.

Батыл қадамға байыппен, тәуекел іске терең пайыммен бара білетін саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев кемеңгерлігі – жарқын келешектің жасампаз кепілі.

Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік­тің тірегі – тәуекелшіл тұлға, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биігі.

 

Мирас Асан

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Қазақстанда 1 млн. астам азамат еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүр.

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау және еңбек құқығын бұзу фактілерін анықтауға кірісті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img