spot_img
Жұма, Мамыр 17, 2024
19.2 C
Kokshetau

Бір көлге ғұмыр сыйлаған

Сондай-ақ...оқыңыз

Сулы, нулы деген Көкшенің баурайындағы мың жарымнан астам көлдің жартысына жуығы табиғатқа жасалған тақсіреттің салдарынан кеуіп кетті. Әлі де жүздеген көлдің кенересі тартылып, жағалауын қамыс басып, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Тығырықтан шығар жалғыз жол – көлге иенің қажеттігі, хабарлайды egemen.kz.

Әнебір жылдары Бурабай баурайына барып жүргенінде қайран да қайран Құмдыкөлдің бүгінгі халін көріп иманы қасым болған. Көнекөз қариялар­дың айтуына қарағанда, бір кезде шалқып жатқан көл суы мүл­де құрғап, қу тақыр, құла­зыған түзге айналыпты. Жаға­лаудан су шегініп, тайызданып, кеуіп кеткелі отыз жылға таяу уақыт өткен. Көз алдында бү­тіндей бір көлдің жоғалып бара жатқанына ешкімнің селт етпе­генін қарасаңызшы. Сұрас­тырып көрсе, көл табанында әлденеше бұлақ болған, кейін лайы көбейіп, қорысқа айналған. Жыл сайын көлді таза, мөлдір бұлақ суымен үстемелеу сап ты­йылған соң, айдынның да ажары қашқанға ұқсайды. Жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, Құмдыкөл бір кезде балығы тай­дай тулаған айдын шалқар екен. Ендігі күні мынау… Туған таби­ғатқа бір септігімді тигізсем деген ой санасын жаулап алғаннан бері осы төңіректегі Майкөл, Асат, Обалы тәрізді бірнеше көл­ді он жыл мерзімге жалға ал­ды.
Жұмысын көл табанында біте­ліп қалған бұлақ көзін іздеу­ден бастады. Түртінектеп жү­ріп тапты. Біреуін емес, бақан­дай бесеуін. Қорыстан тазартып, көзін ашқаны сол екен, тұн­шы­ғып тұрған тынысы ашылып, бұлақ сарқырап аға бастады. Бостандыққа шыққанына қуанған тәрізді бұлқынып ағады. Аз ғана уақыттың ішінде бес бұлақ бір көлдің шөліркеген таңдайын жібітіп, бұрынғы кү­йіне келтірді. Құжат бойынша 500 гектар аумақ деп есеп­телгенімен, шын мәнінде 700 гектарға жетті. Шынын айту керек, көл табанындағы бұлақты іздеу де, тапқан соң оны аршу да оңайға түскен жоқ. Жол-жө­некей кездескен қиындықты бойындағы өлшеусіз қажыр-қайрат жеңді.

 

Көлді балықтандыру да оңай-оспақ шаруа емес еді. Тұқым­бақтан балық тұқымын жеткізу керек. Алдымен көл суын зертханадан өткізу ләзім. Балық та көл суының құрамына қарай өрістемек. Балық түгіл бақасы қалмаған өлі көлдің өңі жақсару үшін күні-түні еңбек етті. Со­нау Ресейдегі Ханты-Мансы өңі­­­рінен 2 млн бағалы балық тұ­қымын жеткізді. Баяғы кейпін қай­та тапқан Құмдыкөлдің майда толқындарымен ойнап, тұқы өріс­теді. Көл жиегіндегі қа­мыс, балдыр атаулыны азығына айнал­­­­дыратын тасмаңдай балы­ғы­­ның тұқымы өздеріне жайлы су ішінде өсе бастады.

– Тылсым табиғаттың тағды­рына бейжай қарауға әсте болмайды, – дейді кәсіпкер Ерлан Мұқанов, – біз көлді жалға алған­нан кейін оның бар болмысына жауапты болуымыз керек. Қазір жыл сайын 15 тонна шамасында балық өндіреміз. Ең бастысы, осы саланы жандандырудың нә­ти­жесінде құрғап қалудың аз-ақ ал­дында тұрған бірнеше көл тіріл­ді.

Кәсіпкер өзге көлдерге де ғы­лыми-сараптамалық зерттеу жүргізген. Барлығын да та­биғи су көздерін ашу арқылы тірілтуге әбден болады. Ең бас­ты мәселе, көлге қорек беріп тұрған табиғи су көздерінің жабылып қалуы. Оған төңіректе­гі шаруашылықтар да кесірін тигізіп отыр. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, барлығы жос­парсыз, алдын ала зерттеусіз жүргізілудің кесірінен. Егер көк­тем­гі қар суы мен жаз айла­рын­дағы жауыннан пайда бол­ған ылғал күміс көлдерге жетіп тұр­са, дәл бүгінгі күйге түспес еді. Қолбайлау болып отырған ендігі мәселе – қажетті техникалардың жоқтығы. Мәселен, көл жағала­уында рабайсыз өсіп кеткен қа­мысты шауып, қоғаны тазалау қажет. Осы бағытта пайдаланатын арнайы техника өте қымбат. Онсыз ұлан-ғайыр жерді тап-тұйнақтай етіп тазалап шығу мүл­де мүмкін емес.

Ендігі бір алға басқан қа­дам­ға тұсау болып отырған жайт – жер­гілікті жердегі балық тұ­қым­бақтарының жұмысын жол­ға қою. Зеренді тұқымбағы шабақ­тарды наурыз айында шығарады. Ал бұл кезде солтүстіктегі көл­дердің бәрі мұз құрсанып жа­тады емес пе? Тұқымды көлге жет­кізбек түгіл, қасат қардан аттап баса алмайсың. Міне, осындай жұмыстарды үйлестірмесе, қа­же­тіңді шеттен тасисың. Ал бұл – орасан қымбат.

Көл қалпына келісімен бра­коньерлер де бой көрсете бас­таған. Әрине, бірер килоны заң­сыз алып кетсе, игілік орта­йып қалмасы белгілі. Бірақ ұзын­дығы 30-40 метрлік қытай то­рының көл табанында қалып қоятыны да бар. Үйір-үйір болып жосып жүрген балық иесіз қалған ауға шырматылып, опат болады. Іріп-шіріп көл суын бүлдіреді. Қауіп қайдан демеңіз, иен тегін игілікке ашкөз болатындар жетіп артылады. Ал солар көл құрғап бара жатқанда саусағын да қимылдатқан жоқ.

Негізі кәсіпкер Ерлан Мұқа­новтың бастамасын бағамдай оты­рып, қараусыз қалған әр көл­ге дәл осындай жанашырлық қажет-ау деген ой түйдік. Туған табиғатын ардақтай білетін әр азамат дәл осылай қамқор болса, өңірдегі бар көл арнасына толып, шалқып жатпас па еді.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Есімдері аңызға айналған атақты дәрігерлер Көкшетауда шеберлік сыныптарын өткізді

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында өңірге «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img