Көкшетаудағы сәуір айында басталып, әлі күнге дейін аяқталмай жатқан Қылшақты өзенінен өтетін көпір құрылысы туралы мәселеге қала әкімі жауап берді. Бауыржан Ғайса көпір құрылысының не себепті ұзаққа созылғанын түсіндірді,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Көпір құрылысының тезірек аяқталуы Элеватор ауданы және «Достар» мәдениет сарайы маңында тұратын тұрғындар үшін аса қажет.
Біздің редакциямызға да осы аудан тұрғындарынан көпір құрылысына байланысты автобустардың тоқтап қалғандығы туралы арыз-шағымдар түсіп жатады. Олар қоғамдық көліктің зардабын тартып, орталыққа қатынау үшін такси қызметіне жүгінгендіктен қалталары жиі қағылатынын айтады.
Қала әкімі көпір құрылысының ұзаққа созылып кеткендігін жобаға қатысты түзету жұмыстарының тез бітпеуінен деп түсіндірді.
Мен жобаны неге бұлай істегендерін білмеймін. Біздің бұған дейінгі уақытымыз жобаны түзету жұмыстарына кетті. Тендерді ұтып алған компания өз қаражатымен құрылысты бастап кеткен болатын. Біз сараптама қорытындысын өткен аптада ғана алдық. Компания өкілдерімен кездесіп, жұмыс қалай жүретінін талқыладық. Биылғы жылы көпірдің бір бөлігі аяқталады. Нақты айтқанда желтоқсан айында,-деп жауап берді Бауыржан Ғайса.
Еске сала кетсек, көпір құрылысын «БУКА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Сүлейменов көшесі бойындағы Қылшақты өзеніне салынатын көпір жобасы 519 миллион теңгені құрайды. Құрылыс аяқталған соң ұзындығы 54 метр,ені 32,5 метр жаңа көпір пайда болмақ.
Бұл көпір 1962 жылы салынған, сол уақыттан бері күрделі жөндеуден өткізілмеген.



