Көкшетауда Қазақтан Республикасының Тәуелсіздік күні мен Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігіне орай «Тіл мәртебесі – Ел мәртебесі» атты қалалық ақындар айтысы өткізілді,-деп хабарлайды «Aqmola News»ақпарат агенттігі.
Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен, Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған айтыста бес жұп тартысты өнер көрсетті.

«Достар» Мәдениет сарайына жиналған көкшелік көрерменді сүйсінткен ақындар мемлекетік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясындағы кемшін тұстарын жырлады. Ана тіліміздің шығу тарихы мен келешегі туралы салмақты ой қозғады.
Әу бастағы мақсат та қазақтың айтыс өнері арқылы суырып салма жас ақындарды анықтау, олардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету еді.
Сонымен қатар айтыс барысында Тәуелсiз Қазақстанның жеткен жетiстiктерiн, соның iшiнде елдегі халық достығын, береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты, мемлекеттік тілге деген құрметті тілге тиек етті.
Айтысты көкшетаулық ақын, бірнеше рет республикалық байқаулардың жүлдегері Мұхаммед Қонқаев жүргізді.
Тартысты додаға айтыскер ақын, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департамент басшысы Арман Бердалин, қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесінің басшысы «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қуаныш Оспан, балалар әдебиетінің жазушысы Серік Жетпісқалиев қазылық етті.
Айтыстың қорытындысы бойынша белсенділік танытқаны үшін ақындарымызға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
3 орынды Абзал Жұмабек, 2 орынды Думан Самат, 1 орынды Ерасыл Жақсыбек иеленсе, айтысының жүлделі гран-при жүлдесіне Нұрмахан Жақып лайық деп танылды.
Ұлттық өнерімізді дамытуға үлес қосып жатқан ақындарымызды қала әкімі жеңістерімен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.



