spot_img
Сейсенбі, Мамыр 14, 2024
7.2 C
Kokshetau

Жабал Ерғалиев «Парасат» орденінің иегері атанды

Сондай-ақ...оқыңыз

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің экономикасы мен әлеуметтің әлеуетінің көтерілуіне, мәдениеті мен білімінің дамуына, халықтар арасындағы достық пен ізгіліктің нығаюына сүбелі үлесін қосқан бірқатар азаматтар қоғамдағы елеулі еңбегі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды «Aqmola News».

Марапатталушылардың қатарында өндіріс, білім беру және денсаулық сақтау, әскери қызметшілер, құқық қорғау, спорт және туризм, соғыс және еңбек ардагерлері мен мәдениет және ғылым саласының қызметкерлері де бар. Ақмола облысынан белгілі қоғам қайраткері, журналист Жабал Ерғалиев те бар.

Жабал Ерғалиұлы – 1952 жылы 30 қазан күні Көкшетау облысы Чкалов ауданының (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы) Қарағаш ауылында дүниеге келген. Журналист, публицист, жазушы-драматург, қоғам қайраткері. 2011 жылдың 19 тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болып қызмет атқарған.

1997 жылы Көкшетау облысы таратылғаннан кейін Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетін ұйымдастырды. Бұл іргетасы 1824 жылы қаланған Көкшетау қаласының тарихындағы тұңғыш шығарыла бастаған қалалық газет болатын. Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторлығына тағайындалды. Ақмола облысы және Көкшетау өңірінің тарихында тұңғыш рет “Көкшетау” әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналын шығаруды ұйымдастырды. Ақмола облысы әкімінің 2009 жылғы 6-шы шілдедегі қаулысымен облыстық “Арқа ажары”, Көкшетау қалалық “Көкшетау” газеттерінің және “Көкшетау” журналының  бас редакторы болып тағайындалып, газеттер бірлестігін 2011 жылдың 1 қыркүйегіне дейін  іскерлікпен басқарды.

Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бір топ белгілі тұлғаларға мемлекеттік наградалар ұсынды. Журналистика саласындағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, Жабал Ерғалиұлына «Парасат» ордені табыс етілді.

Жабал Ерғалиұлы  осыған дейін Елбасының 2007 жылдың 7 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған. Есімі «Қазақстанның үздік адамдары», «Солтүстік Қазақстан» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ақмола облысының тұлғалары» анықтамалық кітабына енгізілген. Алматы облысы Қарасай ауданының және «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау Университетінің профессоры, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының толық мүшесі және академигі болып сайланған

Жазушының алғашқы әңгімелері 1978 жылы Алматыда жарық көрген жас жазушылардың антологиясында басылып шықты. Жабал Ерғалиұлының “Сөне көрме, жұлдыздар”, “Қазақтың Қарасай батыры”, “Ұлтым менің, ұлысым менің”, “Хан көтерген ел едік ер ұланын”, “Бұлтты түнгі толған Ай”, “Жол сапар жалғаса береді”, “Тәуелсіздік толғауы”, “Әлемді жүрегіне сыйғызған”, “Лето без дождя”, “Құлпытастың көз жасы” атты кітаптары жарық көрген. “Соңғы тұяқ”, “Ескі арба” повестерінің, “Бұлтты түнгі толған Ай”, “Тойғандар мен тозғандар”, “Жетім тағдыр” драмалық шығармаларының авторы. Бұл драмалық шығармалары Қазақстанның театр сахналарында сәтті қойылып келеді.

 

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Су тасқынынан зардап шеккен 27 атбасарлық отбасы баспаналы болды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданына жұмыс сапарымен барып, онда көктемгі су тасқыны салдарынан үйлері жарамсыз деп танылған...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img