Бүгін халықаралық архив күні. Осыдан 13 жыл бұрын Канадада Бас Ассамблеяда халықаралық мұрағаттар Кеңесімен бекітілген. Сонау 1948 жылы дәл осы күні ЮНЕСКО-ның шешімімен халықаралық архивтер кеңесі құрылған. Содан да болар 9 маусым – халықаралық архивтер күні болып белгіленген. Көп жағдайда елеусіз қалатын архивтердің жағдайы күннен-күнге жақсарып, заманға сай жабдықталып келеді. Ақмола облысында да архив ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, құрал-жабдықтары жаңартыла бастаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысының архивтер және құжаттамалар басқармасының бөлім басшысы Галина Филипьева мәлім етті, – деп хабарлайды «Aqmola news».
Ақмола облысында 21 мемлекеттік архив мекемесі бар. Өңірдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірінен сыр шертетін архив мұрағаттары жыл санап толығып келеді. Облыстық архив мұрағатының бөлім басшысы Галина Филипьеваның айтуынша тек соңғы бес жылда ғана облыс архивтері 100 мыңнан астам тың құжаттармен толығып, ғимараттарға жөндеу жұмыстары жасалуда.
Архив мекемелерін заманға сай цифрландыру қолға алынып келеді. Құжаттарды электронды форматқа ауыстыру үшін өңірде «Архив-2025» жобасын жүзеге асырудың кешенді жоспарына сәйкес осы жылы 49 комплект компьютер техникасын, 21 сканер және әрбір архив ғимаратына климатты бақылау арналған құрылғыларды алуды көздеп отырмыз. Архив құжаттарын сол қалпында сақтау үшін ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүйелі жасалып келеді. Мәселен Атбасар қаласындағы мемлекеттік архив мекемесі ағымдағы жөндеу жасалған жаңа ғимаратқа көшірілді. Бурабай аудандық архив ғимаратына да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аршалы ауданында архив ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ, келер жылы Жақсы және Есіл ауданының архив ғимараттарын күрделі жөндеуден жұмыстарын жасауды жоспарлап отырмыз. Мұрағат қорларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында облыс архивтері өрт сигнализация құрылғыларымен толықтай қамтамасыз етілсе, өрт сөндірудің автоматтық жүйесімен 81 пайызға жабдықталған. Былтырғы жылдан бастап барлық архивтерде бейнебақылау камералары да орнатылуда, – дейді Галина Филипьева.
Облыс архивтері ақылы қызмет көрсетулердің көмегімен де өзінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарта бастаған. Тек өткен жылы ғана 6 миллион 140 мың теңге сомасына ақылы қызмет жасалып, оған архивке ауадай қажет компьютерлер, кеңсе тауарлары, пошта маркалары сияқты қажеттіліктер сатып алынған. Соның арқасында облыс архивтерінде 19445 құжат электронды форматқа ауысқан. Ал келер жылы Ақмола облысының архив мекемелерінде 11 миллион теңге сомасына құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу жоспарланыпты.