Бүгін еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептері арасында ұлттық тоғызқұмалақ ойыны бойынша өткен желілік спартакиада мәресіне жетіп, жарыс жеңімпаздары анықталды. Қарсыластарымен PlayOk онлайн форматында кездескен тоғызқұмалақшылар өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды «Aqmola News» Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыстың онлайн түрде өткізілуі оқушыларды біршама толғандыра түскен.
Ойын қашықтық режимде ұйымдастырылғандықтан бастапқыда аздап қобалжығаным рас. Дегенмен, жаттықтырушыларымыздың арқасында дайындық жоғары деңгейде болды, – дейді Павлодарлық NIS оқушысы Санжар Бозтай.
Ұлттық ойынды бірнеше жылдар бойы серік еткен оқушылар арасында бәсеке тартысты болған. Жарысқа қатысушы оқушылар тоғызқұмалақ ойынымен көптен бері айналысып келе жатқандарын айтты. Мәселен Көкшетау қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Нурсауле Бүленбай бұл ойынмен бесінші сыныптан бастап шұғылданып келеді екен.
«Бастауыш және орта буында мен математика пәнінен үздік болдым. Ал, тоғызқұмалақ ойыны осы пәнмен тікелей байланысты. Алғашқыда теннис және тоғызқұмалақ үйірмесіне қатар барып жүрдім. Алайда, тек біреуін таңдауым қажет болды. Ойлана келе, тоғызқұмалаққа деген қызығушылығымның мол екенін түсіндім. Жарыстарға қатысқанда да қарсыластарымды жиі ұтатынмын. Сондықтан, осы бағытты жалғастырып келемін»,-дейді ол.
Ал Тараздық Вадим Семенов бала кезінен үстел ойындарымен шұғылданған, әсіресе логикалық және дуэльді түрлеріне қызығушылығы жоғары болған.
– Мен осылай тоғызқұмалақ ойынына келдім. Ойын дұрыс есептеп, көп комбинациялардың ішінен оң нұсқаны таңдауға негізделген, мұнымен қоса мен сандарды жақсы көремін, – дейді Вадим.
Ал павлодарлық ойын қатысушысы Саялым Дюсекеева ұлттық ойынның болашақ үшін аса маңызды екеніне сенімді.
– Біздің әрқайсымыз үшін тоғызқұмалақ ойын ғана емес, халқымыздың тарихы болып табылады. Біз ата-бабамыздан мирас болып қалған дәстүрлерді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз, – дейді Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Саялым Дюсекеева.
Жарыс қатысушыларын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады:
– Тоғызқұмалақ төрт мың жылдық тарихы бар бірегей ұлттық ойын. Ол шығармашылық пен логиканы дамытады, сол себепті де бұл ойын оқушыларымыздың арасында кеңінен танымал. Ойынға қызығушылық таныту – өз халқының тарихы мен мәдениетіне жақындай түсуге мүмкіндік береді, – деді басқарма төрайымы.
Үш жастық топта командалық есепте 2020 жылдың чемпиондары болып Талдықорған және Қызылорда қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрамалары танылды. Бір ерекешелігі Қызылорда командасы екі бірдей жастық топта сенімді жеңіске қол жеткізді. Жастық тобы бойынша жеке есепте Анель Кайрат, Абылайхан Тыныштықбай (екеуі де Талдықорған қ. НЗМ), Жұлдызай Мұнайтбасова (Қызылорда қ. НЗМ), Бекжан Әділжаппар (Семей қ. НЗМ), Жұлдыз Садықбек (Қызылорда қ. НЗМ), Бекарыс Жортабаев (Орал қ. НЗМ) чемпион атанды.