Ақмола облысының Ақкөл ауданында қайғылы оқиға орын алды. Қатты жылдамдықпен келе жатып жол жиегіне аударылған «Мазда Кронус» маркалы көлігі түгелдей өртеніп кеткен, – деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жанып кеткен көліктің ішінде қалып ауыр жарақат алған жүргізушісі мен бір жолаушы қаза болған.
26 қазан күні Ақкөл аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне күндізгі сағат 02.30 шамасында телефон шалып, Ақкөл ауданының Азат ауылы маңында «Мазда кронус» маркалы автокөліктің жол жиегіне аударылғаны туралы хабарланған.
«Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары «Азат-Степногорск» бағытындағы автожолдың алтыншы шақырымында болғанын анықтады. 28 жастағы «Мазда кронус» көлігін тізгіндеген жүргізуші жігіт Степногорск қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына қарай келе жатқан. Қатты жылдамдықпен жүрген жігіт көлік рөліне ие бола алмай автокөлік жол жиегіне аударылып кетіп, бірден өртене бастаған. Өкінішке орай жол-көлік оқиғасының салдарынан ауыр жарақат алған жүргізуші мен 39 жастағы жолаушы азамат та оқиға орнында бірден көз жұмған. Тергеуші қызметкерлер қайғылы оқиға орын алған факт бойынша жұмыстарын жалғастырып жатыр». Барлығы толықтай тексерілетін болады – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қазір аталған факт бойынша полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 345 бабы «Көлік құралдарын басқаратын тұлғалардың көлікті пайдалану немесе жол қозғалысы ережесін бұзуы» бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Тергеу амалдары одан әрі жалғастырылмақ.