Коронавирус инфекциясының екінші толқыны болған жағдайда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің медицина факультетінің студенттері көмек көрсетуге әзір, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Бұл туралы аталған оқу орнының медицина факультетінің базасына арнайы сапарымыз кезінде белгілі болды. Факультет деканы медицина ғылымдарының докторы Светлана Мұратбекова университет қабырғасында білім алып жатқан студенттердің пандемия кезіндегі денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мен бүгінгі оқу процесі туралы баяндап берді.
Студенттер осы жылдың басынан бері облыстың емдеу мекемелері мен стационарларда қызмет атқаруда. Індет кезінде оқу орнының 85 студенті мен 43 волонтерлері медперсоналдың қатарын толықтырды. Олар күндізгі стоционарда, провизорлық емханада, облыстық, қалалық ауруханаларда қолғабыс етті. Түнгі кезекшілікке тұрып, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу ісіне толыққанды араласты,-дейді Светлана Қабденқызы.
Қазіргі таңда жоғары оқу орнының медициналық факультетінде 420 студент білім алуда.Оның ішінде 399 студент жалпы медицина бакалавры мамандығында үш тілде оқып жатыр.
Сонымен қатар біздің факультетте медициналық мамандықты басқа оқу орнынан бітіріп келген 13 интерн, колледж бітіріп академиялық мамандыққа түскен 8 студент және интернатураны аяқтаған 4 резиденттер өз білімдерін жалғастыруда,-деп толықтырды факультет деканы.
Өткен жылдары облыс әкімдігінен 150 грант бөлініп, бүгінде 145 студент ақысыз білім алуда. Ал қалған 5 гранттың алдағы уақытта коммерциялық бағытта білім алып жатқан ең үздік студенттерге үлестіру арқылы орны толтырылмақ.
Светлана Қабденқызының айтуынша, жергілікті грантты иеленген, интернатура мен Резидентураны аяқтаған жоғары академиялық-медициналық білімі бар мамандар көп жағдайда Ақмола облысының аумағында қызмет етуге қалдырылады. Былтырғы жылы 5 мамандық бойынша 17 маман оқуын аяқтап, барлығы дерлік жұмысқа тұрған.
Олар бүгінде өңірде денсалық сақтау саласында тапшы мамандар: хирург, акушер-гинеколог, педиатор, медбике, мейіргер болып қызмет атқаруда.
Бүгінде университеттің медицина факультетінде 61 шетелдік студент білім алуда. Олардың 51-і Үндістан мемлекетінен келген. Қалғаны Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршіліс елдердің түлектері. Олар екі елдің өзара келісімшартына сәйкес, тиісінше білім алады. Қазіргі кезде шетелдік студенттеріміз қашықтықтан оқуға байланысты пандемия уақытында өз елдерінің медициналық ұйымдарында қызмет етуде. Біздің еліміздің, соның ішінде біздің оқу орнымыздағы білім сапасына шет елдіктердің назары түскендігі үлкен жетістік деп ойлаймын,-деп толықтырды сөзін медицина ғылымының докторы.
Өңірдегі кадр тапшылығын жоюға Шоқан Уәлиханов атындағы медицина факультетінің үлесі зор.