ҚР Бас санитарлық дәрігері құрамында соя бар тамақ өнімдерін әкелуге және сатуға тыйым салу бойынша уақытша санитарлық шараларды енгізді, деп хабарлайды «Aqmola News» Sakon.Kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстан Республикасының аумағына, Оңтүстік Кореялық өндірушілері Оттоги Рамен Ко, ЛТД, 123-12, Енгсонг-Ри, Анзунг-Ып, Пенгтэк-Си, кенги-До тез дайындалатын кеспелерін әкелуге және сатуға тыйым салу туралы қаулы шығарды.
Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлардың сапасын бақылау және қауіпсіздік комитетінің мамандары өнім қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде – «Джин Рамен» атауы бар тез дайындалатын кеспелер ассортиментінде, қаптамасында өндірушісі Оттоги Рамен Ко (Оңтүстік Корея) деп көрсетілген, генетикалық түрлендірілген соя желілерінің сандық құрамының артық екендігі анықталды (MON 89788 1,45% -дан 10,25% -ке дейін), норма бойынша 0,9% болуы керек.
Өндірушісі Оңтүстік Корея болып табылатын осы өнімнің тұтынушылық қаптамасында құрамында гендік түрлендірілген ингредиенттердің бар екендігі жөнінде ақпарат болмағанын айта кету керек.
«Тамақ өнімдеріндегі ГТО құрамының рұқсат етілген нормасы 0,9% – дан аспауы керек. Белгіленген талаптарға, оның ішінде Кодекс Алиментариус халықаралық тамақ стандарттарына сәйкес құрамында 0,9% – дан астам ГТО бар тамақ өнімдері міндетті түрде таңбалануға жатады. Бұл өнім мониторинг жүргізу барысында анықталды. Өнім Алматы қаласының сауда объектілерінен сатып алынды: ЖК «Алманың» «Майбұлақ» дүкені және ЖК А.А. Калиеваның «Мила» дүкені. Бүгінгі күні бөлшек сауда желілерінде сәйкессіз өнімдерді анықтау және оларды сатудан алып тастау бойынша іс-шаралар жүргізілуде».
Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне меншік нысанына қарамастан, жоғарыда көрсетілген өнімдерді әкелу және өткізу қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерін хабардар ету тапсырылды.
Сондай-ақ, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу және Қазақстанның тұтыну нарығын қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына хабарламалар жіберілді.