«Абылай ханның қара жолы» кітабы жақында Көкшетау қаласында «Мир печати» баспасынан 500 данамен басылып шықты,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Кітап қа ғалымдардың еңбектері мен Абылай бейнесін аша түсетін тың оқиғалар желісі топтастырылды.
«Абылай ханның қара жолы» кітабына Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық», Шоқан Уәлихановтың «Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің дәуірі», Манаш Қозыбаевтың «Қазақтың даңқын асырған», Ақселеу Сейдімбектің «Абылай ханның күйлері», БҒМ Мемлекет тарихы институтының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік, М.Қозыбаев атындағы СҚО мемлекеттік, Абай Мырзахметов атындағы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік, Ресейдің Оңтүстік-Орал, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттері ғалымдарының «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің, Қ.Сәтбаев атындағы Тарихи-өндірістік мұражайының, Ақмола тарихи-өлкетану музейінің, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкерлері мен археологтер, этнографтар, халық мұраларын зерттеушілер, әдебиеттанушылар, журналистер мен өлкетанушылардың Ұлы даланың ұлы ханы Абылайдың өмірі мен көрегендігі, Ұлы даланың ұлы билерінің кемеңгерлігі мен қазақ батырларының елді, жерді қорғау мен сақтап қалудағы ерен ерліктері жайлы елді елең еткізер зерттеулері мен ғылыми еңбектері шоғырланды,-дейді «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ.
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған кітап жайлы:
«Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері іздері өшуге айналған тарихымыздың көмбесі қайта ақтарылып, еліне үлкен қуаныш болып оралуда. Солардың бірі – «Абылай ханның қара жолы» деп білеміз. Ең бастысы, бұл тарихи экспедиция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізілген нәтижелі іс ретінде қалың жұртқа танымал болды. Экспедиция жұмыстарының нәтижесінде ғылыми жинақ құрастырылып, онда Абылай хандай асқақ билеушіміздің өнегелі істеріне, Алаш жұртына байланысты зерттеулер топтастырылды. Бұл кітап мемлекет тарихының алтын парағының бірі», деді.
Қорыта айтқанда, кітапта құнды деректер молынан келтірілген.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда тұңғыш құрылған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы өз жұмысын абыроймен орындап шықты.
Құрамында республикаға белгілі географ, топограф, биолог, археолог, тарихшы, журналистер бар экспедиция мүшелері 10 күнде 4 мың шақырымнан артық жол жүріп, республиканың алты облысының аумағында, атап айтқанда, Петропавл, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Ұлытау, Сәтбаев, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларында болды. Қара жолдың бойындағы елді мекендер мен қалаларға соғып, көнекөз қариялар мен мектеп оқушылары, тарихшылар мен студент жастар, БАҚ өкілдері мен жоғары оқу орындарының ғалымдарымен және археологтермен 40-тан астам кездесу өткізді. Оған төрт мыңдай адам белсене қатысып, зор қызығушылық танытты. Әкімдіктер мен музейлерге және оқу орындарына Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығы, Б.Әлімжановтың «Абылай и его Батыры», Қ.Әбуевтің «Абылай хан», «Ақмола – жер жәннаты» кітаптарымен қатар, сыйлық-кәделер таратылды.
Түсірілген фильмнің бір данасын Анкара университетінің профессоры Mereyim Hakim Түркияға алып кетті. Абылай ханның қара жолы бойындағы қалалар мен елді мекендердің аттары қағаз бетіне жазылып, картасы, қасиетті орындар мен мавзолейлер және кесенелердің тізімі жасалып, суреттері түсірілді.