Көкшетау қалалық ауруханасының жүкті және босанған әйелдерге арналған инфекциялық стационар бөлімінен соңғы босанған әйел үйіне жіберілді, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі COVID-19 баспасөз орталығына сілтеме жасап.
Әйел жүктіліктің 41 аптасында қанағаттанарлық жағдайда ауруханаға түскен. Коронавирус инфекциясына жасалған талдау қорытындысына сәйкес оның ауру жұқтырғаны анықталған.
«Коронавирус жұқтырған әйел 13 тамыз күні инфекциялық стацонарға жатқызылды. Ауру симптомдық белгілері болмаған күйде өтті. Әйел іштегі нәрестесінің аса қозғалмайтынын айтып шағымданды. УЗИ және КТГ өткеннен кейін шаранаға қауіп төнгені туралы диагноз қойылды, – дейді акушер-гинеколог Саржан Қалмұратов.
Дәрігерлер шұғыл түрде кесар отасын жасауға мәжбүр болған. Дегенмен, нәресте аман-сау дүниеге келеді.
«Сәбиді анасынан алып бірден бақылап, күтім жасадық. Біздің неонтологтар күн-түн демей кішкентай шарананы аман алып қалу үшін қолдан келгендерін жасады. Емдеу кезінде ана мен балаға тұрақты байқап, аурудан тезірек айығуы үшін бар жағдайын жасаған акушер-маман Анна Шеренговскаяны ерекше атап өткім келеді», – деп толықтырды дәрігер Саржан Қалмұратов.
Жұқпалы аурулар бөліміне түскен алты тәуліктен кейін бала мен анаға жасалған бақылау анализі нәтижесі оң болып, екеуі де аман-сау үйлеріне қайтарылды.
«Рентген кезінде жүкті әйелден пневмония байқалмады. Біз ана мен баланы ауруханадан шығаруға шешім қабылдадық», – дейді дәрігер.
Жалпы, Көкшетау қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімінде коронавирус инфекциясы басталғалы бері 33 әйел босанып, олардың 22-не кесар отасы жасалған. 34 сәби аман-есен дүниеге келген.