Көкшетаудағы Науан хазірет мешітінде марқұм Мереке Оразалыұлының атынан 100 мұқтаж отбасына азық-түлік пакеттері таратылды, деп хабарлайды Aqmola News
Пандемияның таралуына байланысты бұрынғыдай қайтыс болған жандарды аза тұтуға көпшілік жиналмайды. Сондықтан, о дүниелік болған Мереке Оразалыұлының қырық күнінде марқұмның атынан 100 мұқтаж отбасыларға азық-түлік пакеттері таратылды. Оны Ақмола облыстық Науан хазірет мешітінің қызметкерлері ұйымдастырып, әр мұқтаж отбасының үйлеріне апарып беріп, үлкен сауапты іс жасады.
Қазір мешіттерде намаз оқу және басқа да рәсімдер уақытша көпшілік негізде өткізілмейтіні баршаға белгілі. Бірақ, мешіттер өзінің халыққа қайырымдылық жасау шараларын ешқашан тоқтатпайды. Облыстық Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит:
– Мұндай ізгілікті шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ең бастысы, мына қауіпті індеттен еліміз аман болса екен,– деген тілегін айтты.
Бүгінде Науан хазірет мешіті «Зекет» корпоративтік қорының жергілікті өкілдігімен бірлесіп, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуді жүйелі жолға қойған. Бұл қиындыққа тап болған адамдарды тығырықтан алып шығып, олардың жүрегіне нұр құйып, өмірге деген үмітінің үзілмеуіне мұрындық болған имани жандардың ізгі ниетінен жаралған. Қайырымдылықтың ошағына айналған мешіт қызметкерлеріне көп балалы, көмекке мұқтаж отбасылардың ризашылығы шексіз.
Асылай Қадырқызы.