Коронавирус инфекциясы елімізде таралғалы бері Ақмола облысындағы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы Көкшетау, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының ауруханаларына 0,5 литрден 5 литрге дейінгі 36 мың дана TURAN суларын жеткізген, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Бұл туралы кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Досымжан Кенжешов мәлім етті.
Осынау ел басына күн туған күрделі кезеңде коронавирус пандемиясына тосқауыл қоюда қаладағы ірі кәсіпорын әрі әлеуметтік жауапкершілікті арқалаған бизнес өкілі ретінде «Көкшетау минералды сулары» қалыс қалған жоқ. Наурыз айынан бері көмек ретінде Көкшетау, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының ауруханаларына қажеттіліктеріне қарай 40 мың данадан астам су құтылары тегін жеткізілді. Апта сайын Көкшетау қалалық ауруханасына, облыстық туберкулез диспансеріне, тері-венерологиялық диспансері мен теміржол ауруханасына су жеткізіп келеміз. «Көкшетау минералды сулары» АҚ -ы ұжымы атынан барша дәрігелерді қажырлы еңбегі мен батырлықтары үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Барлық науқастардың тезірек сауығып кетуін тілейміз, – дейді Досымжан Кенжешов.
Кәсіпорын алдағы уақытта да өз көмектерін ұсынуды жалғастыра бермек.