Энергетикалық сусындар көптеген қазақстандықтардың күнделікті өмірінің үйреншікті бөлігіне айналды. Оларды мектеп оқушылары, студенттер, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері және басқа да кәсіп өкілдері шаршаумен, ұйқының қанбауымен және жоғары жүктемемен күресу мақсатында тұтынады. Алайда қысқа уақытқа сергектік сыйлайтын бұл сусындардың артында денсаулыққа төнетін қауіптер жасырын болуы мүмкін. Бұл мәселе қоғам мен мемлекеттің назарын аударуды талап етеді.
«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта елге әкелуге, көтерме және бөлшек саудада сатуға, соның ішінде интернет арқылы сатуға және жеткізуге толық тыйым салу туралы бастама көтерді.
Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынды, ал 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз салығы енгізілді. Аталған шаралар нарықты реттеу бағытындағы белгілі бір қадамдар болғанымен, энергетикалық сусындардың ересек тұтынушылардың денсаулығына тигізуі мүмкін кері әсерін толық жоймайды.
«Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулік, қатерлі ісік, жас жаста инфаркт алу және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы болып отыр», – делінген «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Күзембай Бекдайыр Нығметұлының бейнеүндеуінде.



