Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойына орай өңірді мерекелік безендіру жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда облыс қалалары мен аудандарында айтулы датаға арналған көрнекі безендіру элементтері орнатылып, ғимараттардың қасбеттері мен LED-экрандарда мерекелік символика орналастырылуда. Сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындарда мерейтойлық мазмұндағы безендіру жұмыстары жүргізіліп, өңірдің мерекелік келбеті қалыптастырылуда.
Сонымен қатар, облыс аумағында Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан түрлі мәдени-көпшілік, қоғамдық және өзге де іс-шараларда мерейтойдың ресми символикасы белсенді қолданылуда. Бұл өз кезегінде мерекелік шаралардың бірыңғай мазмұндық және көрнекі үлгіде өтуіне ықпал етеді.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – еліміздің ең маңызды тарихи белестерінің бірі саналатын Тәуелсіздік күнінің мән-маңызын айшықтап, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау, сондай-ақ ұлт тарихындағы айтулы кезеңге деген құрметті арттыру.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні жыл сайын 16 желтоқсанда атап өтіледі. Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Бұл – мемлекеттілігіміздің қалыптасуы мен ел дамуының маңызды кезеңдерін айқындайтын тарихи мерейтой.



